От жағып, кетіп қалған: Қазақстанда биыл болған алапат өрттер

Былтыр елімізде 12 256 өрт дерегі тіркелген, салдарынан 9 миллиард 336 миллион 665 мың теңге көлемінде материалдық шығын келген. Өрттен 413 адам қаза тауып, 429 адам түрлі дәрежедегі жарақат алған. Бұл туралы төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков айтқан болатын.

Бұл жағдай биыл да азаймай тұр. 3 қыркүйекте Қостанай облысында табиғи өрт шыққан еді. Салдарынан бірнеше ауылдағы 108 құрылыс бүлініп, 1800-ден аса адам эвакуацияланған болатын. Сондай-ақ, 10 адам жарақат алған еді, оның ішінде күйік шалғандар мен уланғандар бар. Сонымен қатар, өрттен 1935 жылы туған ер адам қайтыс болған еді. Ал өңірде жергілікті ауқымдағы ТЖ режимі жарияланды. Massaget.kz тілшісі биыл Қазақстанда болған осындай алапат өрттерге шолу жасады.

Риддердегі өрт: ер адам от жағып, қашып кеткен

Биыл 10 мамырда Риддерде өрт шығып, қалада төтенше жағдай жарияланған болатын. Орман өртінің жалпы ауданы 276,4 гектар, ал материалдық шығын 252 472 463 теңге болған еді. Облыстық соттың баспасөз қызметі мәліметінше, өрт салдарынан 31 тұрғын үй жанып, 13 үй учаскесі аман қалған, бірақ 37 қосалқы ғимарат - бір көлік жөндеу шеберханасы, алты автокөлік және басқа да мүліктер жанып кеткен. Сонымен қатар, 83 адам үйсіз қалған, 2 адам қаза болған. Алапат өрт жарты тәуліктен соң сөндірілген.

Виктор Абакумов/yk-news.kz

Кейінірек осы оқиғаға кінәлі ер адам сотталған. ШҚО соты мәліметінше, 1986 жылы туған К. отбасымен демалысқа шығып, от жағып, кейін ол тез тарала бастаған. Ер адам жалынды сөндіре алмай, қорқып, қылмыс орнынан кетіп қалған. Сот оған 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Сондай-ақ, сот 15 талап арызды қарап, жалпы сомасы 125 378 367 теңге шығын өндірілген.

Tengrinews

Бұл жағдайды Президент өз бақылауына алып, Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне өрттен зардап шеккен Лесхоз кентінің тұрғындарына көмек көрсетіп, баспанамен қамтамасыз етуді тапсырған еді.

Қарағандыдағы өрт

Биыл 4 шілдеде сағат 12:02-де 112 пультіне Қарағандының Осевая көшесі маңында "Қарағанды орман және жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығы" КММ аумағында шөптер мен ағаштар жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түскен. Алғашында өрт аумағы 200 гектар болған.

Өртті ауыздықтауға ТЖ департаменті, орман шаруашылығы, ҚР ТЖМ №52859 әскери бөлімі, жергілікті атқарушы органдардың 200 адамы мен 40 техникасы жұмылдырылған еді. Полиция қызметкерлерінің күшімен саяжайлардағы тұрғындар эвакуацияланған болатын. Сондай-ақ, 300-ге жуық құтқарушы мен тікұшақ жалынды өшіруге тырысқан.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек зардап шеккендер жоқ екенін айтқан болатын. Алапат өрт салдарынан қала маңындағы жеті аудан аумағында 15 шаруашылық ғимараты жартылай өртенген. Өртсөндірушілер 5 адамды құтқарған болатын, ал 25 адам қауіпсіз жерге көшірілген еді.

Алакөлдегі демалыс орнындағы өрт

Биыл 4 шілдеде 23:20-да Үржар ауданындағы Алакөл көліндегі демалыс базаларының бірінде өрт шыққан болатын. Салдарынан 4 демалыс орны өртеніп, жеті адам зардап шеккен еді. ШҚО ТЖ департаменті мәліметінше, өрт ШҚО ТЖД өртсөндірушілері, жергілікті атқарушы органдар, полиция қызметкерлері мен тұрғындардың бірлескен күшімен 5 шілдеде сағат 05.40-та ауыздықталған.

Семей орманындағы өрт

Биыл маусымда Семей орманында өрт шыққан еді. Өрт ауданы шамамен 160 гектар болған. Куәгерлер әлеуметтік желілерге Қарағайлы ауданындағы және қаладан шыққан түтін көрінетін видеоларды жариялаған болатын. Мамандардың айтуынша, өрт найзағайдан кейін басталған. Соған орай Семейде құрғақ, ыстық ауа райы салдарынан өрт қаупінің бесінші деңгейі жарияланған болатын. Кейінірек өрт сөндіру жұмыстары екі тәулікке созылғаны белгілі болды. 

ШҚО ТЖД өкілі 1 маусымда "Семей орманы" МОТР аумағында, Жаңасемей филиалында, Подгороднее орман шаруашылығында басталған өрт 2 маусымда сағат 11.00-де ауыздықталғанын айтқан болатын. Ал өрттің жалпы ауданы шамамен 200-250 гектар болған. Қаза болғандар мен зардап шеккендер болмаған.

Қостанайда 11 үй жанып кеткен өрт

Биыл 9 мамырда кешке Қостанай шетінде Тобыл өзені бойында қамыс өртенген еді. Жел салдарынан өрт жақын маңдағы тұрғын үйлер мен Набережная көшесіндегі жеке сектор ауласына тарап кеткен болатын.

Владимир Файль 

ТЖД мәліметінше, өрт 11 тұрғын үйді, алты шаруашылық құрылыс нысаны мен төрт автокөлік, оның ішінде бір жүк көлігін зақымдаған. Екі тұрғын үй жартылай бүлінген, жалпы 1000 шаршы метр алаң зардап шеккен.

Кейінірек зардап шеккендер мен қаза болғандар жоғы, Набережная көшесі бойынша 25 адам эвакуацияланғаны  белгілі болды.

Эвакуацияланған адамдар "Дружба" емдеу-сауықтыру орнына орналастырылған еді. Ал өрт сағат 20.15-те ауыздықталып, жергілікті уақыт бойынша сағат 21.24-те сөндірілді.

Әкімдік өкілі бұл оқиғаны "қалалық ауқымдағы төтенше жағдай" деп атаған еді. Өйткені салдарынан 13 отбасы зардап шеккен.

Өрт - тілсіз жау екені белгілі. Оқыс оқиға аяқ асты болып жатады. Сондықтан сақтанған артық етпейді. Сонымен қатар, ормандарды жойғаны немесе зақымдағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын естен шығармаған жөн.

Айта кетейік, Қостанай облысында өрт кезінде зардап шеккендерге қаржы жинау басталған болатын. Сондай-ақ, Massaget.kz журналистері зардап шеккендерге көмек жіберетіні хабарланған еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!