"Үйлену оңай, үй болу қиын". Расында, қазір бұл сөз тек тұрмыстағы дау-жанжалға қатысты қолданылмайды. Өйткені қоғамда жастар үшін үйленгеннен соң кездесетін өзекті мәселенің бірі - үй алу мәселесі болып тұр. Жақында Желіде автоүйде тұратын жұптың видеолары тарады. Massaget.kz тілшісі осы жұппен сұхбаттасып, оларға бұл идея қайдан келгенін сұрады.
TikTok, Instagram әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында автоүйде тұратын жұп өздерінің тұрмысын, үй ішін көрсететін бірнеше видео жүктеген.
@avtoyi Жизнь в автодоме Автоүйдегі өмір #автодом#автоүй ♬ Ocean - Elsa & Emilie
@avtoyi #автоүй#автодом#домнаколесах#домнаколесахказахстан ♬ оригинальный звук - зроз
Балтаевтар отбасы Шымкентте тұрады. Нұржігіт пен Томиристің шаңырақ көтергеніне екі жарым жыл уақыт болған.
"Нұржігіт 5 жылдан бері автоэлектрик болып жұмыс істейді, ал мен қолөнер тоқумен айналысамын", - дейді Томирис Балтаева.
Олардың бұл автоүйде тұрып жатқаныны бір ай уақыт болған. Олар мұндай идея қайдан туғанын да айтып берді.
"Автоүйде өмір сүріп жүрген шет елдің адамдарын көріп, "қысы-жазы өмір сүруге болады екен" деген ой келді әрі үй алуға ақшамыз жетпегендіктен, осылай амалын тауып жүрген жас отбасымыз. Бұл үйді Интернеттен іздеп таптық, ұзақ жол жүріп, Қарағандыдан Шымкентке алып келдік", - дейді олар.
Олардың сөзінше, болашақта мүмкіндік туса, жеке үйде де тұрғылары келеді. Өйткені автоүйдің артықшылығы да, кемшілігі де бар екен.
"Автоүйдің артықшылығы кәдімгі үйлерден кем емес. Ішінде өмір сүруге қажет жағдайдың барлығы жасалған: су, жарық, жылу, тоңазытқыш, әжетхана, жуынатын орын. Терезеңнен күнде әртүрлі көрініс көріп, әртүрлі қалаларды, ауылдарды аралауға мүмкіндік береді. Ал кемшілігі қыста жылуға көп шығын кетеді, үнемі жолда болғандықтан, тез шаршап қаламыз", - дейді жас отбасы.
Нұржігіт пен Томиристің сөзінше, олар кез келген жерде жүреді. Автоүйлеріне қонақ та келеді екен.
"Автоүйде тұрғандықтан, көбі "қонақ келе алмайды" деп ойлайды. Бірақ 1 айдың ішінде қаншама адам қонақ болып, шай-тамағын ішіп, қонып кетті. Әлі де қонақ болып автоүйдің ішіндегі атмосфераны сезінгісі келіп жатқан таныстарымыз, достарымыз көп", - дейді Томирис.
Олардың бұл шешіміне туыстары да қарсы болмапты.
"Адамдар жақсы қарап жатыр, көбінің осындай үйде тұру арманы екен. Туыстарымыз біздің шешімімізді қолдап, барынша демеп жатыр", - дейді олар.
Жас отбасы бұл автоүйді сатып алған. Олар қанша ақша жұмсағандарын да айтты.
"Негізі 4 миллионға алдық, бірақ басқа қаладан алып келу, ішін әрлеп-сәндеу, жылу кіргізумен 4,5 миллион кетті", - дейді Томирис.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!