Әнші Медеу Арынбаев денсаулығы сыр беріп, ота жасағаннан кейін өмірінің қиын кезеңі туралы "Менің өмірім" бағдарламасында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өнер иесінің айтуынша, өміріндегі ең ауыр кезең 2019 жылы болған.
"2000 жылы басымдағы түтікшелердің бірінде қанның ұйып қалатын ауруы басталды. Басым айналып, көзім қарауытып, ес жоғалттым. Алғашында жылына 1-2 рет қана болды. Дәрігер арнайы ем-дом жазып берді. Жыл өте дәрілер де көбейді. Қарап отырсам, 18 жыл дәрі ішіппін. Оның бәрін осы уақытқа дейін жасырып келдік. Құпия сақтадық. Сахнада, той-томалақта, отырыстарда да ес жоғалтқан кезім болды. 2015-2016 жылдары қатты үдеп кетті. Ес жоғалту жиіледі. Сөйтіп, денсаулығыма көңіл бөліп, ота жасауға тәуекел еттім. Дәрігерлер бір жылдай зерттеп, Израильде ота жасау туралы ұсыныс айтты. Бірақ мен Қазақстанда жасалғанын қаладым. Содан кейін бәрі артта қалды. Қазір денсаулығым жақсы. Өмірімнің жаңа парағы ашылды", - деді ол.
Сонымен қатар, әнші ресми түрде еш жерде жұмыс істемейтінін айтты.
"1995 жылы музыка факультетін бітіріп, "Гүлдер" мемлекеттік ансамбліне жұмысқа қабылданғанмын. Кейін "ABK" тобы құрылды. Содан кейін еш жерде жұмыс істемеппін. Қаражатты халқым, достар береді. Құдайға шүкір, той-томалақ, барған жерге қаламақым, яғни, "шапан кигізіп жатады". Ал тапқан-таянғанымның бәрі әнге кетеді", - деді Медеу Арынбаев.
Еске салайық, бұған дейін Медеу Арынбаев Дәулет Тұрлыхановтың ұлына қатысты пікір білдіргені туралы жарияланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Адам қуанғанда неге жылайды?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!