Қазір квест ойыны жастар арасында кеңінен танымал. Осы ойынды алғаш Қазақстанға әкеліп, 18 квест ашқан кәсіпкер Олжас Серікұлымен Massaget.kz тілшісі сұхбаттасты.
"Қазақстандағы квесттердің атасымын"
Олжас Қазақстанда квестті 2015 жылы ашқан.
"Қазақстанда алғашқы квест ойынын аштым. Осы уақытқа дейін Астана, Алматы қалаларында 18 филиалымыз болды. Кей азаматтар мені "Қазақстандағы квесттердің атасы" деп қалжыңдап айтады. Бұл ойында біз аты әйгілі фильмдердің негізінде белгілі бір локацияларды алып, әрлендіріп, халыққа ұсындық. Қатысушылар бір бөлмеден екінші бөлмеге логикалық тапсырмаларды орындау арқылы өтеді. Бір сағаттың ішінде барлық бөлмеден өту керек. Біз квестті логикалық, интеллектуалдық, командалық бірігу қасиеттерін пайдаланатындай етіп, жасадық. Оның ішінде "Гарри Поттер", ""Миссия выполнима", "Бэтмэн", т.б. фильмдер болды. Соңғы кезде "Игра в кальмаре" киносының атын алып, басқаша түрде жасап шықтық. Өте жақсы сұраныс тудырды", - деді ол.
Кәсіпкердің айтуынша, қазір Алматыда екі квест қана жұмыс істеп тұр.
"Қазіргі таңда екі квест, "Гарри Поттер" және "Аватар" ашық. Қалған квест ойыны түрлі жағдайларға байланысты жабылды. Ойынның құны сағатына - командамен 20 мың теңге. Командада 2-6 адам болады", - деді Олжас.
Олжас осы уақытқа дейін квест ашуға ықыласы бар бірнеше адамды кәсіпке үйреткен.
"Еліміздің түкпір-түкпірінен квест ашқысы келген адамдарды оқытып, қазіргі таңда 50 адам осы кәсіпті үйренді. Қазір өз қалаларында ашып жатыр. Мұның өзі мен үшін үлкен жетістік. Жалпы квесттен айына тұрақты түрде 1 млн теңге табыс табуға болады. Тек жарнамасы мен сату құралын меңгеру керек", - деді кәсіпкер.
"Алғашында әкемнен қарыз алдым"
Олжастың мамандығы мүлде басқа. Алғашқы ресми жұмыс орны әкімдіктен басталған.
"Алматы қаласындағы №59 орта мектепті білім алып, Қазақ Ұлттық Аграрлық университетін тәмамдадым. Ауыл шаруашылығы саласының магистрмін. Бірақ мамандығым бойынша жұмыс істемедім. Бітірген бойда қалалық әкімдікке жұмысқа тұрдым. Шыдамым тек үш айға жетті. Сол кездегі жалақым - 45 мың теңге болды. 2013-2014 жылдардан бастап кәсіпке бет бұрдым. Содан бері айналысып келемін. Құлаған, сүрінген кезім көп болды. Кәсіпкер болу оңай емес екенін түсіндім", - деді ол.
Кәсіпкер алғашқы кәсібін ашу үшін әкесінен қарыз алған.
"Әкем мемлекеттік қызметте болды, әкімдікте жұмыс істеді. Анам - дәрігер. Қарапайым отбасыдан шықтым. Алғашқы кәсіпке қаражатты әкемнен қарызға алдым. Өзімнің азын-аулақ қаражатым болды. Содан күні бүгінге дейін ешкімге алақан жайып көрмедім", - деді Олжас.
Олжас саяхаттағанды жақсы көреді.
"Шетелде жиі боламын. Сондағы кәсіптерді де зерттеп, Қазақстанға әкелген кездерім де болды. Осы уақытқа дейін 40 шақты бастаған жобам сәтсіз болды. Мұның бәрі мен үшін тәжірибе деп айтар едім. Кәсіппен айналысудағы негізгі мақсатым - елге қызмет ету. Қазір сол бағытта қызмет етіп жатырмын. Барлық кәсібім бойынша он шақты адамды жұмыспен қамтып отырмын", - деді ол.
"35 миллион қаражат жұмсалды"
Өзі айтқандай, Олжас қазір де бірнеше жобамен айналысады. Квест ойынынан бөлек оқушылар мен жастарға пайдалы тағы бір жобаны жақында қолданысқа енгізген.
"Қазіргі таңда оқушылардың тарихқа деген қызығушылығын ояту өте қиын. Мысалы, Ілияс Есенберлиннің "Көшпенділер" шығармасы үш том, 600-ден аса беттен тұрады. Бала оны қай уақытта оқиды, қызығушылығы ояна ма, кітап оқыған кезде визуализация жасай ала ма деген секілді сұрақтар көп. Қазір 80 пайыз адам кітап оқымайды. Соны негізге ала отырып, тарихты виртуалдандыру туралы шешімге келдім. Яғни, оқу бағдарламасы балаларға қызық болу үшін ойын түрінде жасағымыз келді. Сақ дәуірінен бастап күні бүгінге дейінгі хронологиялық кестені дайындап, керемет ойын құрастырдық. Бұл "Ұлы дала елі VR ойыны" деп аталады. Бірақ мен мұнда Совет үкіметімен, яғни орыс патшалығымен байланысты кезеңдерді алып тастадым. Тарихшылар бұл пікіріммен келіспеуі мүмкін. Алдағы уақытта өзгертуге болады. Әзірше соны қаладым", - деді кәсіпкер.
Оның айтуынша, ойынның жалпы мақсаты - қазақ халқының тарихын болашақ ұрпаққа жеткізу.
"Мұнда қатысушылар арнайы көзілдірік кию арқылы логикалық тапсырмаларды орындап, бір кезеңнен екінші кезеңге өтеді. Бұл ойынның шығуына 35 миллион қаражат жұмсалды. Мұның бәрі қалтамнан төленді. Шыны керек, өзім әлі пәтер жалдап тұрамын. Бірақ халқыма пайдам тисін деген азаматтық позицияны әрдайым ұстанамын. Соның нәтижесінде осы ойынды жарыққа шығардық", - деді Олжас.
"Бір аппараттың құны - 700 мың теңге"
Ойын 6-60 жас аралығын қамтиды.
"Ойынға мектеп жасындағы балалардан бастап еңкейген қарияға дейін қатысуына болады. Тек көзілдірік кигенде басы айналып, эпилепсия,т.б. түрлі диагноз қойылған адамдарға тыйым салынады. Қазір бұл ойын Алматыдағы Grand Park сауда үйінде тұр. Қатысу құны 15 минутқа - 2500 теңге.
Болашақта әр қалада ашқымыз келеді. Бір аппараттың бағасы - 700 мың теңге", - деді Олжас.
Кәсіпкер бұл жобаның тек коммерциялық мақсатта ғана емес, болашақта білім беру бағдарламасына енгізгісі келеді.
"Жобамызды білім беру саласына жауапты тұлғаларға ұсынып көрдік. Жауабын күтіп отырмыз. Егер оң нәтиже алсақ, әр мектептің төрінде орнатылады.
Ойынның сұрақтарын тарих мамандарымен бірігіп, құрастырдық. Мұның ішінде мемлекеттік идеологиядан ауытқитын нәрсе жоқ. Әр бөлмеге кірген кезде адам аудиосүйемелдеуді тыңдайды. Яғни, сол кезеңнің өзінің музыкалық аспаптары, әуені болған. Соның бәрін біз этнофольклорлық ансамбльдермен бірге отырып жаздық. Осы орайда бізге "Арқайын" этнофольклорлық ансамблі және қазақтың ұлттық аспаптарын әлемге танытып жүрген Абзал Арықбаев көп көмегін тигізді. Ал аппараттарды Meta компаниясынан алдық. Ол Қытайда шығарылады", - деді Олжас.
"Айына - 60 мың теңге"
Олжастың тағы бір жобасы - әлеуметтік осал топтарға арналған.
"Бір кездері Алматыда бір бөлмелі пәтердің бағасы 450 мың теңгеге дейін шарықтап өсіп кетті. Тұрғындар үшін бұл қиын соғатыны анық. Осы мәселені шешуге көмегімді тигізгім келді. Сөйтіп, Медеу ауданынан екі қабатты тоғыз пәтерден тұратын тұрғын үй кешенін салдым. Кірпішін қалап, өзіміз нөлден бастап тұрғыздым. Шамамен 45 млн теңгедей жұмсадық. Пәтердің ішінде бөлмемен қатар асханасы,жуынатын бөлмесі бар. Бұл әлеуметтік осал топ отбасыларына арналған. Айына құны - 60 мың теңге, коммуналдық төлемдерін бөлек төлейді", - деді кәсіпкер.
Оның айтуынша, бұл үйге тұру үшін хабарландыру таратылады.
"Біз мұндай отбасылардың тізімін әкімдіктен алып көрген жоқпыз. Тек хабарландыру таратамыз. Сол арқылы келушілерді тексеріп, осы баспананы береміз", - деді Олжас.
"Серіктеспен жұмыс істеу қиын"
Олжас Қазақстанда серіктеспен жұмыс істеу қиын екенін атап өтті.
"Қасымда серіктес жоқ, себебі елімізде серіктеспен жұмыс істеу қиын. Сол үшін жалғыз істеген дұрыс деп санаймын. Көпшілігі "Ұлы дала елі" ойынына салған қаражатымды естіп, "әуелі өзіңді жарылқап, жағдайыңды жасасаңшы" деп кекетті. Ал адамдарға көмектесу - менің азаматтық позициям. Сондықтан ешкімнің сөзіне мән бермеймін", - деді ол.
Оның айтуынша, кез келген кәсіпті бастаған кезде сәтті аяқталуы екіталай.
"Кәсіпкерлік болжауға қиын дүние. Сол үшін табандылықтан шаршамау керек. Оның түбі берекеге алып келеді. Нарықты зерттеп, істі аяғына дейін жеткізген жөн", - деді кәсіпкер.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық кәсіпкер Түркиямен сауда жасау құпиясын бөліскені туралы жарияланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Онкология тұқым қуалай ма?
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!