30 тамыз, жаздың аяғында EXPO көрме кешенінің ашық аспан астындағы алаңы этникалық музыка әлемінің орталығына және астаналықтар жиналатын жерге айналмақ. Аздаған үзілістен кейін The Spirit of Astana заманауи этникалық музыка фестивалі Астанаға қайта оралды.
Елордалық көрерменді таңғалдыру үшін ұйымдастырушылар жан-жақты дайындалды. Мұнда құлақ құрышын қандыратын музыка тыңдауға да, ырғақты әуендерге ілесіп билеуге де болады. Биыл сахнаға әлемге танымал орындаушылар шығады. Еліміздің атынан әйгілі TURAN тобы өнер көрсетеді. Олардың қобыз, жетіген, домбыра, шертер мен басқа аспаптардың сүйемелдеуімен көмеймен ән айту шеберлігі ешкімді бейжай қалдырмайтыны анық.
Глеб Терлецкий
ABBOS тобы мен ұжым жетекшісі Равшан Юнусов көрерменді өзбек әуендерімен тәнті етіп, жүректерін жаулайды.
Глеб Терлецкий
Сондай-ақ, сахнада Мажарстаннан келген Kerekes Band этно-фанк-тобы өнер көрсетеді. Топ фронтмені Жомбор Фехердің көне сыбызғымен орындаған сазды музыкасы тыңдаушыны бірден баурап алады. Фестивальде афро-бит, джаз, Жерорта теңізі және түріктің психоделиялық музыкасының әсерінен туындаған фанк пен дәстүрлі еврей және йемендік музыканың үйлесімін тыңдауға болады — Израильден келген BINT EL FUNK ұжымы көрермендерге осындай ерекше микс ұсынбақ. Олар қазақ сахнасында алғаш рет өнер көрсетеді.
Глеб Терлецкий
Ал көптен күткен MGZAVREBI тобы қазақстандықтарға әйгілі грузин әуендерін ұсынады. Астаналық DJ Puza этникалық және электрондық музыка ұштасқан сеттерімен фестивальдің сәнін аша түседі.
"The Spirit of Astana - өзіне ғана тән атмосферасы мен ерекше энергетикасы бар өзгеше әлем. Онда музыкалық жаңалықтар ашылып, күтпеген метаморфозалар болып жатады. Жобаның миссиясы - дәстүрлерді дәріптеу, бабалар мұрасын жаңғырту және халықтарды жақындастыру. Көрермендерді фестивальға келіп, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған музыканттардың өнерін тамашалап, әр елдің мәдениетімен жақынырақ танысуға шақырамыз", - дейді фестиваль режиссері Марина Ожерельева.
Музыкадан бөлек, алаңда киіз және былғарымен жұмыс жасау, қыш ыдыс жасау өнері, көркемсурет, матаға сурет салу, флористикадан шеберлік сағаттарына қатысуға, әлем халықтарының ұлттық тағамдарынан дәм татуға, қолөнершілер жәрмеңкесін аралап, ерекше handmade бұйымдар сатып алуға және ұлттық ойындар ойнауға болады. Белсенді іс-шаралар аумағы күндізгі сағат 12-ден жұмыс істейді. Жоба серіктесі – Jusan. Фестиваль, сондай-ақ, Астана әкімдігінің қолдауымен өтеді.
Глеб Терлецкий
30 тамыз 17:00-де EXPO алаңында кездескенше! Осы жаздың соңғы open air шарасын өткізіп алмаңыздар! Кіру тегін!