- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Оспан батырдың ұрпағы...
Оспан батырдың ұрпағы Louis Vuitton-да киім тігеді
Мұстафа Услужан өндіріс технологиясында 40 жыл бойы жұмыс істеп келеді. Жұмысы біз ойлағандай қарапайым емес. Ол әлемдік Louis Vuitton, Вalmain, Chanel, Balenciaga брендтердің тігін цехында қызмет атқарған. Еңбек жолының 15 жылы тігін цехының басшысы болып, қарамағында 100-ден аса қызметкері болған. Ендігі арманы - Франциядағы қазақ диаспорасының орталығын ашып, қазақ жасөспірімдерін қолөнерге үйрету. Massaget.kz тілшісі әлемдік Louis Vuitton брендінің өндіріс директорымен сұхбаттасты.
Мұстафа Услужан - Түркияның Нигде қаласында дүниеге келіп, 21 жасында Францияға көшіп кеткен қазақ. Өз мансабында әлемдік брендтермен жұмыс істеп, олардың цехтарын басқарған.
"Мен Керейден тараған Молқы, одан Машан, оның ішінде Оспан батырдың ұрпағымын. Отбасымда 5 бала болдық. Өзім 3 баланың әкесімін" - дейді ол.
"1984 жылы 21 жасымда Францияға көшіп келдім. 15 жылдан соң Louis Vuitton-ға жұмысқа кірдім. Көп ұзамай, 5 жылдан кейін, басшылық қызметке ауыстырды. 40 жыл осы бренд киімдерін өндірумен айналысып келемін", - дейді ол.
Мұстафа Услужанның айтуынша, 2017 жылы Вalmain, Chanel, Balenciaga компанияларында 3 жыл қызмет етіп, қайта Louis Vuitton-ға ауысқан. Қазір компанияның Франциядағы өндіріс басшысы, қарамағында 100 қызметкері бар.
Тігетін "шапандардың" матасы арнайы құжатпен келеді. Барлығы санаулы, артық не кемі жоқ. Тігіс техникасы, данасы, дизайны - бәрі осы құжатта. Киім өндірушілер жоспардан ауытқып кетсе, жалақыдан ұстап қалады дейді. Бұл салада қателіктерді кешірмейді.
Бренд ұстанымындағы тағы бір қызық - киім алдымен ресми дүкендерге жіберіледі, кейін артылып қалса жеңілдікпен сатады, ал маусымы өткен киімдерді жағып жібереді.
"Киімдерді базарға не мүмкіндігі шектеулі жандарға бермейді. Компанияның саясаты сондай. Киім артылып қалса, жағып жібереді. Тіпті жұмысшыларына да алуға болмайды", - дейді Мұстафа мырза.
Жақында сатылымға шыққан мына күртеше толығымен Францияда, Мұстафа Услужан басқаратын цехта өндірілді. Оның құны - 480 мың рубль, теңгеге шаққанда 3 миллион 787 мың теңге.
@kassymkhan_saudager #qazaq #qazaqstan #qazaqstan?? #бизнесмен #одежда #вещи #киім #киімалматы #киімдерінің #казахипоймут #казахстантикток #лакшери #луивитон #париж #европа?? #производство #швейныйблог ♬ оригинальный звук - Saudager
Мұстафа Услужанның жұмыс кезінде болған қызық оқиғасын бөлісті. Бірде цехта таңғы 4-ке дейін жұмыс істеген. Кенет ұйқысы келіп, жантая кетіпті, көзін ашса, сағат 7-ден кеткен. Жұмысқа бар күшін салғаны үшін компания оны демалысқа жіберген.
"Жақсы жұмыс нәтижесін көрсеткеніме мені бір аптаға Канар аралдарына демалуға жіберді. Естен кетпес сапар болды", - дейді ол.
Әлемдік брендке қызмет етіп, өзі де танымал адамдарға киім тіккен. Олардың арасында Мадонна, Неймар және француз жұлдыздары бар дейді.
Мұстафа Услужан 7 жыл бойы A.K.F.T. президенті. Бұл - Франциядағы қазақ диаспорасының қауымдастығы. Оның айтуынша, қауымдастықтың арнайы бір орталығы жоқ, пандемия кезінде жиналу қиынға соққанымен, қазір қайтадан қолға алып жатыр. Франциядағы қазақстандықтар осылай жиі жиналып, кез келген мерекені бірге атап өтеді. Тіпті әлеуметтік желілерде арнайы парақшалары бар. Ол Францияға келген қазақтарды қуана қарсы аламыз дейді. Ендігі арманы - қауымдастықтың орталығын ашу. Сонда қазақ жасөспірімдерін қолөнерге, тігінге үйретсем дейді.
Бұдан басқа, Мұстафа Услужан футбол ойнағанды ұнатады. Франциядағы түрік ағайындарымен футбол матчтерін жиі ұйымдастырады.
Футболды жастық шағында Түркияда "Алтай" клубында ойнап бастаған. Тіпті 1995 жылы Алматыға жарысқа келген. Қазір Францияда қазақтардың әуесқой футбол клубы барын айтады.
Мұстафа Услужан Алматы мен туған жері Түркияға жиі барады. Сондай-ақ, ол жүрегі әрқашан қазақ деп соғатынын айтып, өскелең ұрпаққа қазақтың ертеден келген қолөнер кәсібін үйреткісі келетінін айтты.
Түркиядағы қазақ диаспорасы Реджеп Ердоғанмен
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек