Бақтығали Дәуітбаев Балқаш ауданы, Ақдала ауылында тұрады. Аудандық "Балқаш өңірі" газетінде журналист әрі фототілші қызметін атқарады, ҚР Журналистер Одағының мүшесі. О баста әріптесіміз қоян шаруашылығымен айналасамын деп әсте ойламаған , - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2013 жылы жиен қарындасының ұзату тойына барғанда ойынға қатысып, кішкентай көжек ұтып алады. Үйіне әкеліп, асырайды. Қоян бір жылда үш рет көжектейді. Өсімтал қоян түрін "фландер", "великан" тұқымдарымен шатастыра бастайды.
"Великан" тұқымды қоянның тоғыз айлық көжегі 3 келі ет береді. Ал тірідей, ана басы ретіндегі бағасы 25 мың теңгеге барады. Жылда көжек сатып әкелемін. Өсіріп, қояндарыма қосамын. Биыл Есік қаласына арнайы барып 18 мыңға қоян сатып алдым. Оралдан, Атыраудан, Қостанайдан хабарласушылар болды. Бір қоянның құны 60 мың теңгеге дейін барды. Бірақ терісіне біздің елден ешқандай сұраныс жоқ. Қырғызстанда қоян терісін екі мың теңгеден алып, тон тігеді" дейді Бақтығали Дәуітбаев.
Қоян өсіру қызық та қиын шаруа. Қорасындағы қоян саны мыңнан асқан. Бірақ, асырау оңай болмапты. Жем-шөп бағысы жыл сайын қымбаттап, азық алуға қаржы тапшы болғандықтан санын қысқартуға тура келген. Қазір күркелерде жүзден астам қоян бар. Әріптесіміздің айтуынша қоян өте сезімтал келеді. Түз қоянына қарағанда, үй қояны адамнан қорқа бермейді екен.
"Бұл өзі сезімтал болады. Мысалы, үйге бөтен адам келсе айбат шегеді. Сипап, еркелеткенге сүйсінеді, адамға үйірсектігі де бар.Сосын өте қызғаншақ келеді бұлар. Балаларын қориды. Көжектеп жатқан кезде көжегін көруге болмайды. Әйтпесе, баласын өлтіріп тастауы да мүмкін. Сосын қоянды құлағынан ұстап, тартқылау әбестік саналады. Құйқасындағы қан тамыры үзіліп, зақымдануы мүмкін. Қояндар төбелескіш болады. Бір күркеге аталықтардың сыйысуы қиын. Бірін бірі тырнап, жыртып тастайды. "Қоян асырасаң жолың болмайды деп жатады кейбір адамдар. Мен оған сенбеймін. Бұны асыраған кезден бері пайдасы болмаса еш зиянын көрген жоқпын" дейді әріптесіміз.
Бақтығали Дәуітбаевтың өзі де көпбалалы әке. Алты ұл, бір қызы бар. "Қояндарға өсімтал болуды өзім үйретіп жүрмін" деп әзілдейді. Балаларын кішкентайынан еңбекке баулып, білімді болуға тәрбиелейді. Сүт кенжесі Мадияр да әкесіне қолғабыс етеді.
"Сабақтан бөлек, бос уақытымда қояндарға жем-жөбін беремін. Күркеде әр қоянның өз аты бар. Қоңыр қоянды "Елік", ақ қоянды "Ақ бұршақ" дейміз. "Ақ бантик", "Сұлу қыз" деген қояндар да бар" дейді Мадияр Бақтығалиұлы
Ал, қара ала қоян бұл қораның символы екен. Өйткені, шағын ғана шаруашылық тойда сыйға тартылған қара ала көжектен басталды. Жалпы қоян шарушалығын дамытып, жақсы бизнес жасауға болады. Тек азық жеткілікті болуы керек.
"15 қоян бір қойдың шөбін жейді. Алты айлық он көжекті сатса бір тоқтының құнынан жоғары ақша келеді. Мысалы, мен 10 қоянды 105 мың теңгеге саттым. Базарда қоян алушылар бар. Медицинада "қоянның еті қан қысымы мен қант диабеті ауруына шалдыққандарға ем деп жатады" Қапшағайда бір кісі айына екі рет менен қоян сатып алады" дейді әріптесіміз.
САЛАМАТ САБЫР
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!