ШҚО тумасы бір аптада 1080 шақырымды бағындырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Марқакөл аудан мәртебесін қайтарды дегенді естіген Ерікжан Тұрсынханұлы күніне 150 шақырымнан жүріп отырған.
Туған өлкесіне осылай жету туралы ой екі жыл бұрын келген. Шалғайға шығудың машақатын алысты велосипедпен бағындырған адамдардан сұрастырып, біртіндеп дайындығын күшейтті. Айтуынша, Өскемендегі достарын қуантайын деп, шілде айының 1-і күні Алматы қаласының Талғар ауданынан жолға шықты.
"Алғашқы екі күн қиынға соқты. Біріншіден күн ыстық, екіншіден алыс жолға үйренісіп кету оңай болмады. Жиі соққан жел мен Талдықорған таулары да әжептәуір кедергі. Күн ысып, шаршай бастағанда, жаяу жүріске көштім. Жол ауырлығы Сарқандқа дейін сезілді", - деді Ерікжан Тұрсынханұлы.
Жолаушының жылдамдығы үшінші күні бір қалыпқа түсті. Сөзінше, Үшаралдан аса бере, 90 шақырым бойы су, тамақ ішіп, аялдайтын жер кездеспеді. Содан жолда бірнеше рет көліктерді тоқтатып, тамақ жібітіп, әлденіп алды.
"Ауа райы жиі құбылды. Алғашқы үш күн далада қондым. Ол үшін арнайы заттар, жеңіл, әрі жылы киім алдым. Велосипедке көп нәрсе тией алмайсың. Алдын ала есебім бойынша, әр күні кемі 150 шақырымнан жүріп отыруға тиіс едім. Сәті түсіп, сол межені орындадым. Кедергілер көбейіп кеткенде аялдауым жиіледі, жел басылып, күн салқындағанда тоқтаусыз жүрдім. Аяқтарым істемей қала ма деп қорқып едім, денсаулығым сыр бермеді", - деді Марқакөлдің тумасы.
Ерікжан Тұрсынханұлының кіндік қаны тамған жер - Теректі (бұрынғы Алексеевка) ауылы. Марқакөл аудан мәртебесін қайтарды дегенді естіп, ұзақ жолға шыққан ол хоккей спортынан әуесқойлар арасында Алматы қаласының чемпионы.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!