- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Өскемендік "Хатиконың" иесі...
Өскемендік "Хатиконың" иесі табылды
Өскеменде аялдамада қалып қойған иттің иесі оқиғаның жай-жапсарын айтып берді, - деп хабарлайды YK-news.kz.
Неміс овчаркасы осы оқиғаға дейін ұрланған болып шықты. Алайда ер адам бұзақылардың итті неліктен тастап, жасырынғанын түсінбейтінін айтты. "Мен әдеттегідей Арсты серуендетіп шыққанмын, сөйтіп, дүкенге кіріп кеттім. Оған күтуге бұйрық бердім. Осыған дейін ол әрқашан мені тыңдайтын, айтқанымды істейтін. Ал дүкеннен 5 минуттан кейін шықсам, ит жоқ. Бастапқыда мен Арс үйге кетіп қалған екен деп ойладым. Бірақ үйде жоқ болып шықты", - деді иттің иесі Андрей Чикунов. Айтпашы, ол өзі кинолог екен.
Бұдан кейін ол ауладан іздестіре бастайды. "Көршілерге де хабар бердім. Кеше бір көршім телефон соғып, итті Интернеттегі жаңалықтардан көргенін айтты. Мен сол бетте жануарларды қорғау ұйымынан итімді алып кеттім. Оны оңай таныдым. Оның үстіне құйрығында ақ дақ бар", - деді Чикунов.
Айта кетейік, овчарка таяуда тоғыз жасқа толады. Кинологқа бұл ит күшік кезінде сыйға тартылған екен. "Маған көмектескендеріңізге рақмет!", - деді ол.
Осыған дейін жануарларды қорғаушылардың Өскеменде "Телестудия" аялдамасында иесін күтіп отырған иттің өмірін аман алып қалғаны хабарланған еді. Оқиға 18 қаңтарда таңғы уақытта болған. Куәгерлердің айтуынша, итті ілестірген екі адам автобусқа мінген, алайда келесі аялдамаға келгенде автобус кондукторы итті салоннан түсіріп тастауды талап еткен. Кейін адамдар итті автобустан түсіріп, қалдырып кеткен. Ит болса аялдамада күтіп отыра берген. Арстың табаны үсіп қалыпты. Қазір иттің иесі оны емдеп жатыр.
Дереккөз: kaztengrinews.kz
О. Сансызбай