Өскемендегі сарбаз қазасы: лауазымды тұлғалар сот алдында жауап береді

Бас әскери прокуратураның арнайы прокурорлары 23 қаңтарда қаза тапқан сарбаз Қ.Оспановтың өліміне қатысты Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінің батальон және взвод командирлеріне қатысты қылмыстық істі тергеп-тексеруді аяқтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тергеу барысында лауазымды тұлғалар бірнеше рет жарғыдан тыс қарым-қатынасқа жол бергені, қаза тапқан әскери қызметшіге және оның алты қызметтесіне психологиялық қысым көрсеткені анықталған.

"Сонымен қатар, взвод командирі қару-жарақты сақтау тәртібіне тиісті бақылау жүргізбей, қызметтік міндетін орындаудан шет қалған. Тергеу нәтижесінде жеткілікті дәлел жинақталды, қысқа мерзімде қажет сараптамалар жүргізілді, қылмысқа қатысы бар тұлғалар анықталды. Билікті асыра пайдалану және қызметке салғырт қарау дерегі бойынша бірнеше эпизодтан тұратын қылмыстық іс сотқа жолданды", - деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ, кадрлық шешімдер қабылданған: әскери бөлім командирі және оның екі орынбасары лауазымынан босатылды, 9 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Еске салайық, 23 қаңтарда Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде қарауыл қызметін атқару кезінде мерзімді әскери қызметші өзіне бекітілген қарудан оқ атып, алған жарақатынан көз жұмғаны хабарланды. Бұл туралы Құрлық әскері қолбасшылығы мәлімдеді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!