Әлеуметтік желіде Өскеменде соққыға жығылған қыздың видеосы тараған болатын. Жәбірленушінің туысы сіңлісінің жағдайына және айтылып жатқан ақпараттарға қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазір бұл дерек бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр. Алайда әлімжеттік көрген қыздың туысы айтылып жатқан кейбір ақпараттар шындыққа жанаспайтынын жеткізді. Қыздың жәбір көргені туралы жақындары 2 сәуірде білген.
Жәбірленушінің туысқаны Тоғжан Досумованың айтуынша, тәртіп сақшыларына болған оқиғаны колледж басшылығы алғаш хабарлады деген мәлімет - жалған. Ал жанжалдың барлығы жігіт үшін басталған.
"Сіңлімді соққан үш қыздың бірі Telegram арқылы сөйлесу алаңын ашқан. Ол жерде Өскемен жастарының барлығы отырады. Шатақ сол жерде басталды. Облыстық Білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева айтқандай, кикілжің жігіт үшін болса да, туысым бұлай қорланбауы керек. Мұнда ұрып-соғу ғана емес, ұрлық, ақша талап ету жағдайлары бар. Сіңлім "ол ақшаны не істейсіңдер" деп сұрағанда, "осы түсірілген видеоны таратып жібермес үшін" деген. Іске қатысы бар қыз әлдеқайда көп", - деді ол.
Соққы жеген қыздың қазіргі жағдайы әлі тұрақталмапты. Тоғжан Досумованың сөзінше, арыз түсірген соң сіңлісі ауруханаға жатқызылып, сол жерде екі апта ем алған. Оның айтуынша, жуықта өткен брифинг кезінде Білім басқармасы мен Полиция департаменті ұсынған мәліметтің барлығы - жалған ақпарат.
"Біріншіден, Білім басқармасы мен колледж тарапынан оқиға болғаннан кейін ешқандай шара қолданылған жоқ. 3 наурыздан бері тыныштық. Видео тараған соң министрлікке байланысқа шығып, атқарылып жатқан жұмыстың тым сылбыр екенін айттым. Тым құрығанда сол видеоның барлық жерден өшірілуін қадағалауды сұрадым. Колледж директоры психологтар көмек беріп жатқанын айтыпты. Одан қалса, сіңлімді арнайы көлікпен сабаққа апарып, әкеліп жүр депті. Бұл да шындыққа жанаспайды. Сонда облыстық Білім басқармасы жағдайдан толық хабардар болмаса, неліктен жалған ақпарат таратады?" - деді Тоғжан Досумова.
Өңірлік Білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, колледж әкімшілігі жарақат алған қыздың жағдайы бойынша алдымен ата-анасына хабарласқан.
"Бұған қатысты бейнежазба бар. Колледж әкімшілігі полицейлерге "алғаш хабар берген біз" деп айтпаған, тек қыздың денсаулығы болмай тұрғанын байқағандарын жеткізген. Әрі қарай заңгерлік көмек беру туралы ұсыныс білдірілді. Сол жерде көлікпен колледжге апарып, алып келу жағын да айтты. Бірақ қыздың жақындары мұндай көмек алудан бас тартқан. Ол туралы өздерінің қолы қойылған хаттама бар", - деді Инесса Чернышева.
Еске салайық, бұған дейін Өскемен полициясы камера алдында қатарласын шешінуге мәжбүрлеген бір топ жасөспірімге қатысты жәбірленуші қыздың видеосын тарату дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтқаны хабарланған болатын.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!