Өскемен қаласында биыл қоғамдық көлік жүйесі айтарлықтай жаңарды. Қалаға жаңа автобустар мен трамвайлар әкелініп, жолаушылар үшін электрон төлем жүйесі енгізілді. Сондай-ақ, жаңа оқу жылынан бастап мектеп жасындағы балалар қоғамдық көлікпен тегін жүре бастады.
Кейінгі жылдары Өскеменде қоғамдық көліктердің ескіруіне байланысты мәселе жиі көтерілді. Осыған байланысты қала әкімдігі автопаркті кезең-кезеңімен жаңартуды қолға алды.
Жаңа қоғамдық көліктер
2025 жылы облыс орталығында жаңадан 11 шағын автобус пен 45 үлкен автобус әкелінген. Жыл аяғына дейін тағы 26 автобус, 12 электробус және 2 шағын автобус сатып алынбақ. Жалпы, 2021-2025 жылдары қаланың автопарктері 198 автобус және 45 шағын автобуспен толыққан.
"Жолаушыларға сапалы қызмет көрсету үшін 40 жаңа автобус сатып алуды жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта бұл жұмыс жалғасын тауып, автобус паркі кезең-кезеңімен жаңартылады. Сондай-ақ, трамвай паркіне мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделген, бейнебақылау жүйесімен жабдықталған жаңа вагондар жеткізу туралы келісім жасалды", - деген болатын Өскемен әкімі Алмат Ақышов биыл наурызда өткен брифингте.
Көп ұзамай уәде етілген автобустар облыс орталығына келе бастады. Алдымен бесеуі желіге шықса, артынша қалғандары қатарға қосылды.
Әкімдік мәліметінше, Өскеменде автопарктер біртіндеп жаңартылып жатыр. Солардың бірінің өкілі жыл аяғына дейін автопарк 100 пайыз жаңаратынын айтты.
"Таяуда бес автобус алдық, енді тағы бесеуі келе жатыр. Сонымен биыл автопаркіміз 100 пайыз жаңарады. Екі жаңа автобус желіге шықты. Қалғаны біртіндеп қосылады. Жалпы, жаңадан алғандардың бәрін қосқанда паркте жиыны 44 үлкен автобус болады. Одан бөлек тағы "Газель" маркалы 15 шағын автобусымыз бар. "Газельдердің" барлығы жаңа", - деді автопарк өкілі.
Жаңа автобустардың барлығы - отандық құрастыру, желдеткіш, төмен еден, пандус және арнайы орындармен жабдықталған.
Қала әкімдігі мәліметінше, биыл автопарк 70 пайызға жаңарған, алдағы мақсат - 100 пайызға жеткізу.

Трамвай
Өскемен - трамвай сақталған санаулы қалалардың бірі. Соңғы жылдары вагондар қатты тозып, тек жартысы ғана жұмыс істеген.
Жаңартулар:
- 2023 жылы Беларусьтен 4 трамвай;
- 2025 жылы тағы 3 жаңа трамвай әкелінді.
Жаңа Т701 маркалы вагондар: 130 жолаушыға арналған; кондиционер, жылытқыш, камералар, электронды төлем жүйесімен жабдықталған;
ең бастысы артқа жүре алады.
"Барлығын қаржыландыруға мүмкіндік жоқ, біртіндеп жаңартамыз. Бірақ тұрғындардың бұл көлікті қалай жақсы көретінін білеміз, сондықтан алдағы уақытта тағы да жаңа трамвайлар сатып алатын боламыз. Біз трамвай паркін сақтап қалуымыз керек. Сонымен қатар шойын жолдарды жөндеп, ескілерін ауыстыру қажет", - деген облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жаңа трамвайды алғаш рет сынақтан өткізген кезде.
Экологтар пікірінше, трамвай желісін кеңейту қаладағы көлік кептелісін азайтып, ауа сапасын жақсартады.
Төлем жүйесі
Бұл ретте наурыздан бастап Өскеменде қоғамдық көлікте төлем жасаудың жаңа тәсілі - электронды жүйесі іске қосылды.
Жүйенің артықшылықтары:
- жолаушылар ағынын талдау;
- маршрут тиімділігін бақылау;
- қозғалыс кестесін сақтау;
- тиімсіз бағыттарды қысқарту және жаңаларын ашу.
Бүгінде жүйеге 55 бағыт, соның ішінде 3 трамвай бағыты енгізілді. Жүйе Алматы көлік холдингінің қаражаты есебінен орнатылған, бюджет қаржысы жұмсалмаған.

Жолақысына жеңілдіктер
2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Өскеменде 7-18 жас аралығындағы балалар қоғамдық көлікпен тегін жүреді. Бұл жеңілдік қалаға келген қонақ балаларға да қолданылады.
Қосымша жеңілдіктер:
- 70 жастан асқандар - 55 пайыз жеңілдік
- ҰОС ардагерлері, басқа мемлекеттердегі әскери қимылдарға қатысушылар, Құрметті азаматтар - тегін
Трамвайда тегін жүру құқығы барлар:
- I топ мүгедектігі бар азаматтар,
- көру қабілеті нашарлаған II топтағы мүгедектер,
- "Алтын алқа", "Күміс алқа", "Батыр ана" , I, II дәрежелі "Ана даңқы" иегерлері,
- 80 жастан асқан тұрғындар.
Қала бойынша 41 690 бала тегін жүрумен қамтылған.
Өскемендегі көлік реформасы қала мобильділігін айтарлықтай жақсартты. Қаланың көлік инфрақұрылымы жаңа деңгейге көтеріліп, жолаушыларға қызмет көрсету сапасы жақсарды.
Өскемен әкімдігі ұсынған материал
Massaget.kz