Өскемендегі ХҚКО-ның бұрынғы басшысы сотталды

Фото: Видео кадры

"Азаматтарға арналған үкімет" КЕАҚ филиалының Өскемен қаласындағы мамандандырылған бөлімінің бұрынғы басшысына қатысты қылмыстық іс аяқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қандай айып тағылды?

2023 жылғы ақпан мен қазан аралығында күдікті жүргізуші куәлігін алу үшін жол қозғалысы ережелерін білуге теориялық емтихан тапсырған азаматтардан заңсыз сыйақы алу схемасын ұйымдастырғаны анықталды.

Қандай заңсыздықтар анықталды?

Агенттік 32 миллион теңгеден аса заңсыз сыйақыны анықтаған.

"Күдікті банктегі жеке шотына мобильді қосымша арқылы сыйақы алған. Мұндай кірістер құқық қорғау органдарында күдік тудыруы мүмкін екенін түсініп, жасыру мақсатында күдікті сол банктегі шоттары арасында бірнеше рет аударымдар жасаған. Күдікті бұл қаражатқа Өскемен қаласында екі бөлмелі пәтер сатып алғаны және оны жасыру мақсатында анасына рәсімдегені анықталды", - деп жазылған хабарламада.

Кейін бұл пәтер жалға беру үшін пайдаланылып, 1,2 млн теңгеден аса қосымша табыс әкелген. Сонымен қатар тергеу басталған соң күдікті пәтері тәркіленбеуі үшін оны үшінші тұлғаларға тіркеген.

Сот қандай шешім шығарды?

Сот үкімімен күдікті кінәлі деп танылды. Құны 19,5 млн теңге болатын Өскемен қаласындағы екі бөлмелі пәтер мемлекет кірісіне тәркіленді. Айыпталушыға 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.

Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысында мамандандырылған ХҚКО-ның бұрынғы басшылығы ұсталғаны хабарланды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова