Өскемендегі ХҚКО неге қолданысқа берілмей тұр?

Өскемендегі ХҚКО неге қолданысқа берілмей тұр?
Фото: Алматы тв

Өскемендегі арнайы ХҚКО-ның дайын ғимараты қолданысқа берілмей тұр. Нысанды салу осыдан 10 жыл бұрын басталған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.

Өскемен қаласының тұрғыны Алина Смағұлова жеке көлігінің рөліне отыруды көптен армандаған. Тіпті жүргізуші куәлігін алу үшін арнайы білім алыпты. Алда емтихан тапсыру ғана қалған. Теориядан сынақ күні бірден белгіленгенімен, тәжірибелік дағдыларын тексеру үлкен мәселеге айналып отыр.

– Автодром қазір жұмыс істемейді. Айлап кезек күтуге тура келеді. Бір қызметкер қанша адам қабылдай алғанына байланысты. Қалғандары кезекте тұр. Электронды жүйе енгізілмегендіктен, куәлік алу үшін Семей қаласына бару керек, – деді Өскемен қаласының тұрғыны Алина Смағұлова.

Даудың басы – қаладағы арнайы халыққа қызмет көрсету орталығының ұзақ мерзімді құрылысына қатысты. Сонау 2014 жылы салынып басталғанда олар «мекеме толық заманауи жабдықталады» деп уәде берген екен. Бірақ жемқорлықтың кесірінен құрылыстың өзі тоқтап қалған. Бұған дейін Мемлекеттік сатып алу департаментінің бұрынғы басшысы мен бұған қатысы бар мердігер 80 миллион теңгеге жуық жұмысты орындамағаны үшін сотталған.

Бес жылдық үзілістен кейін құрылыс ақыры аяқталды. Оны мемлекеттік- жекешелік әріптестік шарты бойынша басқа әзірлеуші жалғастырған. Инвестор миллиард теңгеден астам қаржы салыпты. Келісім бойынша, ғимаратты "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясының өкілдері жалға алуы тиіс. Бірақ олар сөзінен тайғандықтан, дайын ғимарат 2 айдан бері бос тұр.  

– Коммерциялық емес акционерлік қоғамның жалдау ақысына көңілі толмай отыр. Қазіргі уақытта, менің білуімше, олар 4000 теңгеден аса сома төлейді, бірақ ондағы шаршы метр сәйкесінше аз. Бізде үлкенірек. Олар төлемді 2 есеге азайтуды сұрап отыр, – деді инвестордың өкілі Александра Исмаилова.

Ал бұл жағдайда ғимаратты күтіп-ұстайтын қызметкерлердің коммуналдық қызметі мен еңбек ақысын төлеуге қаражат жетпейтін көрінеді. Келісімшартқа қайшы келетін инвестицияның қайтарымы туралы сөз де жоқ. Нәтижесінде бюджет қаржысына салынған автодром да тоқтап тұр.

– Автодромды әкімдік балансынан мемлекеттік корпорацияның балансына қабылдау және өткізу рәсімдері жүріп жатыр. Мемлекеттік корпорацияның теңгеріміне қабылданғаннан кейін аталған автодромға құрал-жабдық сатып алу мәселесі қаралады, – деді "Азаматтарға арналған үкімет" МК облыстық филиалының директоры Азамат Есембұлов.

Жұмыстың тоқтап қалуы қазірдің өзінде инвесторды шығынға ұшыратып, жүргізуші куәлігін алғысы келетіндерге қиындық туғызуда. Бірақ жалға беруді қаржыландыруды ұлғайту мәселесін тек тиісті министрлік шешеді. Осыдан кейін ғана облыс орталығында барлық заманауи стандарттарға сай келетін арнайы ХҚКО пайда болмақ.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина