Өскеменде такси жүргізушісі зейнеткерді алаяқтардың арбауынан құтқарып қалды

Өскемен қаласында такси жүргізушісі алаяқтардың құрбаны бола жаздаған зейнеткердің 1,5 миллион теңгеден аса қаражатын сақтап қалуға көмектесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Таксиде отырған зейнеткер телефонмен сөйлесіп келе жатқан. Әңгіме барысында белгісіз адам одан SMS арқылы келген кодты айтуды талап еткен. Мұны байқаған жүргізуші әйелге ешқандай кодты айтпауға кеңес берген.

Күдіктенген таксист кейін телефонды алып, "бұл сіздің анаңыз ба?" деп сұраған. Оң жауап алған соң "ақшасын алдап алмақшысыз ба?" деп тікелей сауал қойған.

Полицияның мәліметінше, жүргізушінің қырағылығының арқасында телефон алаяқтары зейнеткердің 1,5 миллион теңгеден аса қаражатын иемдене алмаған.

Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков такси жүргізушісі Төрежан Әдәбиевпен кездесіп, оның батылдығы мен азаматтық жауапкершілігі үшін алғыс білдірді.

Құқық қорғау органдары азаматтарды сақ болуға шақырып, бейтаныс адамдардың ақша аудару, SMS кодты айту немесе несие рәсімдеу туралы талаптарына сенбеуге кеңес берді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!