Өскемен қаласында такси жүргізушісі алаяқтардың құрбаны бола жаздаған зейнеткердің 1,5 миллион теңгеден астам қаражатын сақтап қалуға көмектесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Polisia.kz"-ке сілтеме жасап.
Таксиде отырған зейнеткер әйел телефонмен сөйлесіп келе жатқан. Әңгіме барысында белгісіз адам одан SMS арқылы келген кодты айтуды талап еткен. Мұны байқаған жүргізуші әйелге ешқандай кодты жарияламауға кеңес берген.
Күдіктенген таксист кейін телефонды алып, арғы беттегі адамнан: «Бұл сіздің анаңыз ба?» деп сұраған. Оң жауап алған соң, «Ақшасын алдап алмақшысыз ба?» деп тікелей сауал қойған.
Полицияның мәліметінше, жүргізушінің қырағылығының арқасында телефон алаяқтары зейнеткердің 1,5 миллион теңгеден астам қаражатын иемдене алмаған.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков такси жүргізушісі Торежан Әдәбиевпен кездесіп, оның батылдығы мен азаматтық жауапкершілігі үшін алғыс білдірді.
Құқық қорғау органдары азаматтарды сақ болуға шақырып, бейтаныс адамдардың ақша аудару, SMS-кодты айту немесе несие рәсімдеу туралы талаптарына сенбеуге кеңес берді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова