Әлеуметтік желіде Өскеменнің шетіндегі котлованда шомылып жүрген жастардың төбелесі туралы ақпарат тарады. Қазір оқиғаның егжей-тегжейі анықталып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Желі қолданушылары бұған қатысты "Жалғызға жабылғандары жарамапты", "Жанжал шығарғандар ащы су ұрттап алған", "Жастар ғой, жұдырық жұмсасып тарқасса жақсы. Әйтеуір соңы бір-біріне пышақ сілтеумен аяқталмаған болар" деп пікір жазған.
Видеодан суға түсіп жүргендер бір жерге топталып, қақ ортасында біреуді ұрып жатқанын көруге болады. Негізінен бұл аумақта суға түсуге рұқсат етілмеген.
Ал Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің өкілдері оқиғаны растады.
"Маусым айының 6-ы күні жасанды су қоймасы аумағында кәмелетке толмаған екі жасөспірімнің арасында кикілжің шығып, демалушылар соның куәсі болған. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның ақ-қарасы анықталып жатыр", - деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!