Өскеменде саяжай үйінен шыққан өртті сөндірген құтқарушылар үйінді астынан үй иесінің мәйітін тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қайғылы оқиға қаланың Ескі Согра ауданындағы "Прогресс" саяжай алабында болған.
Жаз мезгілінде тұруға арналған үйдің өртенгені туралы хабар түскен бойда оқиға орнына өртсөндірушілер жіберілген. Құтқарушылар 64 шаршы метр аумақты шарпыған жалынды сөндірген.
Алайда өртенген үйдің үйінділерін аршу кезінде 1976 жылы туған әйелдің мәйіті табылған. Қаза тапқан әйел осы үйдің иесі екені анықталды.
"Қазір өрттің шығу себебі мен үй иесінің қандай жағдайда қаза тапқаны анықталып жатыр. Тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды, электр құрылғылары мен пешті пайдаланғанда абай болуды ескертеміз. Өрт шыққан жағдайда дереу 112 нөміріне хабарласу қажет", – деп мәлімдеді ШҚО төтенше жағдайлар департаменті.
Еске салайық, бұған дейін Қызылордадағы дәмханалардың бірінде өрт шығып, екі қызметкер ауруханаға жеткізілгені хабарланған.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz