- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Өскеменде мұғалімдер оқушылары...
Өскеменде мұғалімдер оқушылары ҰБТ-ны сәтті тапсыруы үшін 19 миллион теңге төлеген
Өскеменде мұғалімдер оқушылары ҰБТ-ны сәтті тапсыруы үшін 19 миллион теңге төлеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өскемен қаласының №2 сотында ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша Қ.-ға; ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі 1,3,4-тармақтары бойынша (алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену iрi мөлшерде, екі немесе одан да көп адамға қатысты) Ш.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Екі сотталушы 2022 жылғы тамыздан бастап 2023 жылғы шілдеге дейін мұғалімдерге білімін бағалайтын сертификаттар алуға жәрдемдесемін деп, оған қоса педагог портфолиосын және оқушылары ҰБТ-дан сәтті өткені туралы сертификат беретінін айтып алдап, алаяқтық жолмен ақша иемденген. Кейін оны өз қалаулары бойынша жұмсаған. Жәбірленушілерге келтірілген материалдық залалдың жалпы сомасы 19 415 000 теңге болады.
"Прокурор сотталушы Қ.-ның мүлкін тәркілеп, 5 жыл бас бостандығынан айыруды, сотталушы Ш.-ны 3 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады", - деп жазылған хабарламада.
Сот Қ.-ға ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, мүлкін тәркілеп, екі жасар баласы барын ескере отырып, ҚР Қылмыстық кодексінің 74-бабының 1-бөлігі негізінде тағайындалған жаза өтелуін 4 жылға кейінге қалдырды.
Ш.-ға ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі 1,3,4-тармақтары бойынша 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, 63-бапты қолдана отырып, шартты түрде жаза тағайындады.
Жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздары толық көлемде, жалпы сомасы 7 325 000 теңгеге қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова