Тұрғындар соңғы жылдары іліп аларлық шаруалар атқарылмағанын, сырт көзге бәрі әсем болып көрінгенімен, аталмыш үйлердің түйткілі көп екенін жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні Өскемен қаласындағы Әуезов көшесі, 49 және 49Б мекенжайлары қызу талқыға түсті. Көпқабатты үйлердің балкондарын телефондарына түсіріп, "біздің жақта жыл бойы осылай" деп жазып жатты. Себебі, онда әр балконға көк тудың элементтері басым баннерлер ілінген. Қала тұрғыны Досжан Рүстемовтің сөзінше, осыдан үш жыл бұрын Өскеменде 23 жасқа дейінгі жастар арасында еркін күрестен ел чемпионаты өткенде, Қарағанды мен Батыс Қазақстаннан келген спортшылар бірден назар аударған. Палуандар Ушанов көшесі маңымен өтіп бара жатып, "іркес-тіркес ілінген жалауымыз қазақылықтың иісін аңқытады екен" десіпті.
Ал бірқатар тұрғын осыдан алты-жеті жыл бұрын Әуезов көшесі, 49Б мекенжайындағы көпқабатты үйдің балконына әлдекімнің кір жайып, сол жағдай біршама уақыт көпшілік наразылығын туғызғанын сөз етті. Бірақ ол кезде туды балконға ілуге заң жүзінде әлі рұқсат берілмеген болатын. Мемлекеттік рәміздерді пайдалануға түзетулер енгізілгеннен кейін көп қалада тұрғындар терезелерінің алдын көк байрақпен көркемдей бастады.
"Егер ту бейнеленген баннер матадан әзірленсе онда әрі әдемі, әрі оның ауыстырылуы да жеңіл. Ал шыны немесе пластик болса, оның бекітілуі күрделі болады деп ойлаймын. Менің балконым ағаш, баннер де берік байланған. Бір жағынан қаланың орталық тұсы, балкондардың біркелкі болғаны көзге үйреншікті. Ала-құла болса, шаһар көркі кеми түсетіндей", – деді Әуезов көшесінде 20 жылдан бері тұратын Айгүл Серікбаева.
Әлеуметтік желілерде таралып, қолданушылардың ыстық ықыласына бөленген балкондардағы біркелкілік қай уақытта қалыптасқанын тұрғындар дөп басып айта алмады. Алтынбек Сайлауұлының сөзінше, мұнда түрлі ұлт өкілдері ғұмыр кешеді. Ел назарын жиі аударатын үйде тұратынын мақтан ететінін жасырмады. Тек, Әуезов көшесі 49 және 49Б мекенжайындағы көпқабатты үйлердің арғы жағы көрер көзге әбден тозған.
Қабырғаларының бояуы үгітіліп, подъезд есіктері дұрыс жабылмайды. Шенеуніктер бір жылдары ағаш терезені пластикке ауыстырып береміз деген екен, сол күйі хабарсыз кетіпті. "КСК-дан қайыр жоқ" дейді.
"Соңғы жылдары не істелді деген сұраққа жауап іздесек, балалар ойын алаңы ғана орнатылды. Қалғаны талай жылдан бері өзгеріссіз. Әкімдік өкілдері келсе, айтарымыз бар. Балкондарда байрағымыз ілініп тұрса әдемі ғой, бірақ үйдің қарама-қарсы жағын да солай әсемдесе қатып кетер еді", – деді Айгүл Серікбаева.
Тұрғындардың айтуларынша, көпқабатты үйдің төбесінде ілулі тұрған алып жарнама баннері де жел қатты соққан кезде өткен-кеткендерді басып қалуы мүмкін. Ал көк байрақтың бірінен соң бірі іліне бастағанына 15 жылдан асқан. Жыртылып, тозығы жеткендерді әкімдіктегілер келіп ауыстырып отыратын көрінеді.
Бұл ғана емес, дәл осындай көрініс Сағадат Нұрмағамбетов көшесі, 55 мекенжайында да қайталанады. Әуезов көшесіне қарама-қарсы бетте. Бұл көпқабатты үйдің ішкі ауласы да тозып тұр.
Қала әкімдігіндегілер бұған дейін балкондардағы тудың элементтері бейнеленген баннерлерді күтіп ұстау бақылауда тұрғанын айтқан болатын.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!