Өскеменде қала әкімдігі бір жарым айдан бері көше шамдарын орнатуға деп бөлінген қомақты қаржының қайда жұмсалғанына тұшымды жауап бере алмай келеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тендерлік құжаттар мен орындалған жұмыс арасында байланыс жоқтығын алдымен "Әділдік жол" қоғамдық бірлестігіндегілер байқаған. Бұл бірлестіктің ШҚО бойынша филиалының басшысы Әділ Пшеновтің сөзінше, Өскемен қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі "Магнат-100" жеке кәсіпкерлігі және 3Z-Building ЖШС-мен жалпы жиынтығы 61 767 409 теңгеге көше шамдарын орнату үшін былтыр тамызда жеті келісімшарт жасасқан болатын.
"Көпке түсінікті болу үшін айта кетерлігі, екі ұйымның да басшысы - былтыр Көкпекті аудандық ТҮКШ және сәулет бөлімін тізгіндеген Мақсат Қапшықов есімді адам. Мұның алдында ол мемлекеттік сатып алу заңын сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, кейін қызметінен босатылды", - деді ол.
Екі тарап арасындағы келісімшарт Өскемен шетіндегі бірнеше ықшамауданның көше шамдарын жөндеу немесе оны ұйымдастыруға негізделген. Нақты айтсақ, Сол жағалау, Радужный, Жыланды, Прудхоз, Новоявленка, Согра және Бабкина мельница ауылы мен аудандары. Бұл ретте тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі 25 миллион теңгені қосымша шамдар орнатуға бөліп қойған.
"Ауылдарды аралап шығу кезінде сол шамдардың бірде-біреуін көрмедім. 24 миллионнан аса қаржының қайда кеткені беймәлім. Сымдарды орнату кезінде бұзушылықтар анықталды, олар бағаналарға тиіп тұр. Мұның соңы кейін сымдардың балқып, ауылдардың жарықсыз қалуына әкеледі", - деді Әділ Пшенов.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!