Өскеменде қала шетіндегі аймақтар дамып келе жатыр

Өскеменде қала шетіндегі аймақтар дамып келе жатыр
Фото: Өскемен қаласының ақпараттық орталығынан

Облыс орталығындағы шағын аудандарды дамыту бағдарламасы үшінші жыл жүзеге асырылып келеді және қарқыны артып келе жатыр. Қалалық билік шет аймақтар мен елді мекендерге көбірек қаржы салып, ондаған жылдар бойы ешқандай абаттандыру жүргізілмеген аудандардың жағдайын жақсартуға мүмкіндік алып отыр. Осындай аймақтардың бірі - қаланың ең көне елді мекендерінің бірі Шмелев Лог. Соңғы жылдары мұнда орталықтандырылған су жүйесі жүргізілді, ал биыл бірнеше негізгі көшеге көп жылдардан бері алғаш рет асфальт төселмек.

Бағдарламаның жетекші жобаларының бірі - Ахмирово елді мекені. Қаланың бұл қарқынды дамып келе жатқан бөлігі орналасуының ыңғайлылығы мен жеке тұрғын үй салуға арналған жер телімдерінің қолжетімділігі арқылы ішкі көші-қон үшін тартымды аймаққа айналған. Алайда жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл аумақтың дамуы ұзақ уақыт бойы тоқырауда болған. Жағдай 2018 жылдан бастап біртіндеп өзгере бастады. Осы уақыт ішінде елді мекенде жаңа мектеп салынды, бірнеше негізгі және екінші дәрежелі жолдарға асфальт төселді, жолаушыларға арналған шағын автобус бағыты іске қосылды. Өткен жылы елді мекенде электрмен жабдықтау желілерінің құрылысының екінші кезегі аяқталып, 635 үй тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етілді. 2024 жылы елді мекенде тағы 2,5 шақырым асфальт, қоғамдық балалар алаңы және 140-тан астам жаңа көше жарығы орнатылуы тиіс. Сонымен қатар емхана салу мәселесі қарастырылып жатыр.

"Бір кездері бізде орталық аудандар мен шет аймақтардың дамуы арасында теңгерімсіздік пайда болды. Әрине, орталық - қаланың жүрегі. Оны дамыту қажет, себебі халықтың басым бөлігі уақытын осында өткізеді. Абырой болғанда, бізде мұнда үлкен мәселелер жоқ. Бірақ егер шет аймақтарға, халық тұратын жерлерге назар аударсақ, онда кей жерлерде асфальт, тротуарлар, балаларға арналған инфрақұрылым сияқты қарапайым нәрселердің жоқ екенін көреміз. Сондықтан біз осы бағдарламаны бастадық. Әр жылы әртүрлі аудандардың тұрғындарымен кездесіп, жылдық жұмыс жоспарын құрып отырамыз. Облыс әкімі Ермек Көшербаевтың тапсырмасымен бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр", - деп атап өтті Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар.

Аудандармен бірге бағдарламаның өзі де дамып келеді. Өткен күзде тұрғындармен бірлескен жұмыс аясында бастамашыл топтар институты алғаш рет сыналып көрілді. Ауданнан бірнеше адамнан құралған топтар әкімдік қызметкерлерімен бірге 2024 жылға арналған жоспарларды мұқият пысықтады. Олар асфальт төсеу, жарықтандыру жүргізу және басқа да учаскелерді таңдады. Осындай топтар, мысалы, Шмелев Лог және Сол Жаға елді мекендерінде құрылды. Қазір сол жерлерде мердігерлер тұрғындардың өздері жасаған жоспарларды жүзеге асыруға кірісті. Мұндай жоспарлау тәжірибесі әкімдік тарапынан табысты деп танылып, болашақта кеңейтілетін болады.

Фото: Өскемен қаласының ақпараттық орталығынан

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Сатыбалдина