- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Өскеменде журналистер "ұрыны"...
Өскеменде журналистер "ұрыны" 22 минутта қолға түсірді
Этнографиялық саябақ аумағында "күдікті" жүр деген соң ҚР Ұлттық ұланының "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы бұқаралық ақпарат құралдарына жүгінді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Журналистер күні қарсаңында тұңғыш рет өткен шараға 15-ке тарта тілші қатысты. Топ-топқа бөлініп, бір-бір әскери жасақ бастығы бекітілді. Олар өздеріне тиесілі аумақты тінтіп, шартты қылмыскерді табулары тиіс. "Ресми" ақпаратқа сәйкес ол адам дүкенде ұрлық жасап, саябақ аумағында жасырынып жүр. Бір күн қаламдарын тастап, әскери форма киген журналистерге 30 минут берілді. Қара бас киім киген жігітті жеті топ іздеп, саябақтың әр бұрышын шолып шықты.
ҚР Журналистер одағы ШҚО филиалы мен Ұлттық ұланның "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы ұйымдастырған шара таңертең сағат 10:00-де басталғанымен, алғашқы жиырма минутта нәтиже шықпады. Тек іздеуге пәрмен берілген соң 22 минут өткеннен кейін "Сұңқар 2" жасағындағы облыстық "Менің өлкем" газеті мен өңірдегі "Алтай" арнасының тілшісі жүрісі суыт, қара бас киім киген жігітті байқайды. Әскери жасақ бастығы да жылдам басып, ұлттық ұландықтар "күдіктінің" дәл алдынан шықты.
Алайда іздеудегі адам құжатын ұсына бере басы ауған жаққа тұра ұмтылды. Әскери жасақ та соңынан қуып, оңай қолға түсірді. Дегенмен межелі жерге жете бере, кісенін шешкені сол еді "ұры" сәл шегіншектей бере екпін ала тағы қашты. Бұл жолы да "Сұңқар 2" жасағы қырағылық танытып, ұзап кеткен адамды ұстап әкелді.
"Осындай шара биыл алғаш рет ұйымдастырылды. Бұл жолы белгілі бір аумақта тек іздестіру тапсырмасын дайындадық. Әріптестер бұдан да қызықтырақ, әсерлі етіп өткізуді ұсынды. Мұның алдында БАҚ өкілдері жауынгерлік қарудан оқ атып, түрлі кедергілерден өткен болатын. Осы жолы жүктемені жеңілдеттік", - деді "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің бастығы Бағдат Амангелді.
Шара біткен соң "күдіктіні" өзгелерден бұрын тапқан "Сұңқар 2" жасағындағы екі журналиске "Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін" төсбелгісі табыс етілді.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы