Өскемендегі жанар-жағармай құю бекетінде оқыс оқиға болып, ер адам қаза тапты. Ал зардап шеккен жасөспірім ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы ТЖД өкілі айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Ведомство мәліметінше, 28 шілдеде таңғы сағат 8.52 шамасында Промышленная көшесі бойындағы жанар-жағармай құю бекеті аумағында бөшкені тазалау кезінде ауа қоспасы атылған. Бірақ өрт шықпаған.
"Оқиға салдарынан 2010 жылы туған жасөспірімнің денесін термиялық күйік шалды. Ол ауыр халде ауруханаға жатқызылды. ШҚО ТЖД құтқарушылары 1980 жылы туған ер адамның денесін резервуардан алып шықты. Алдын ала мәлімет бойынша, ол резервуарды тазалап жатқан. Оған 2010 жылғы туысы көмектесіп тұрған", - делінген хабарламада.
Апат себептері анықталып жатыр.