Өскеменде жақында қала тұрғыны ұрлық жасап, заң аясында жазасын өтеуге міндеттелген. Бірақ ол жаза ретінде тағайындалған көше тазалаудың орнына "туысқандарым көріп қояды, одан да темір торда айыбымды өтейін" деген өтінішін білдірген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл оқиға туралы Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті өкілдері айтты. Ведомство өкілдерінің сөзінше, Өскемен тұрғыны жиі тәртіп бұзып, мәжбүрлі еңбектен жалтарғаны үшін колонияға жіберілген. №2 облыстық сот үкімімен ер адамға ұрлық жасағаны үшін бір жыл бас бостандығынан шектеу және 100 сағат мәжбүрлі жұмысқа тарту жазасы тағайындалған. Оған қоса, қала көшелеріндегі қоқысын сыпырып жүрген жандарға көмектесу, одан жалтарса, жаза шектеу емес, бас бостандығынан айыруға дейін өзгеруі мүмкін екені айтылған. Бірақ ол бұл тәртіпке бағынбаған.
"Үкімде тәртіп сақтауы тиіс екені анық жазылған. Ал ол күрек алып, қоғамдық жұмысқа кірісу дегенді мүлде ұмытты. Ұрлығы үшін істі болған ер адам бұл кезде қала тазалаумен айналысатын кәсіпорынға жұмысшы ретінде тіркеліп қойған", - дейді мамандар.
Бірақ ол жұмыс істеуге жіберілген жерге бармаған. Сол жағалау ауданы пробация қызметінің инспекторы Жұпар Жанарбекованың айтуынша, жұмысқа құлықсыз адамды іздеп, қоңырау шалған жандар да болған.
"Аумақтық басқару орталығынан хабарласқандар есепте тұрған адам 12 сағат жұмыс істеген соң төбе көрсетпегенін айтты. Ал үкімге сәйкес 100 сағат мәжбүрлі жұмысқа тартылуға тиіс. Ол адамнан бұл қылығын сұрап едік, "көше тазалап жүргенімді таныстарым көріп қойса, ұят болады ғой" деді. Сөйтіп, күрек ұстағаннан гөрі түрмеге отыруды дұрыс көріпті", - деді инспектор.
Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментіндегілер бұл жағдайды растады. Пробация қызметкерлері бас бостандығын шектеу түріндегі өтелмеген жазаны бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы сотқа ұсыныс берген. Нәтижесінде ер адам қалған мерзімін колонияда өткізетін болды.
"Есепке тұрса да, өзіне міндеттелген жұмыстан жалтарған кез келген адамға осындай шара қолданылады", - деді жауапты тұлғалар.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!