Өскемен қаласының прокуроры ауысты. Бұл ақпаратты Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы растады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қыркүйектің ортасында әлеуметтік желілерде Өскеменнің прокуроры Тимур Шақпантаев қызметінен шеттетілгені туралы ақпарат тараған еді. ШҚО прокуратурасы мәліметінше, оған қатысты қызметтік тергеу жүргізілген.
"Құқық қорғау қызметі туралы" заңға сәйкес ол жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылданғанға дейін уақытша қызметінен шеттетілді. Өскемен прокуратурасының басқа қызметкерлеріне қатысты да қызметтік тексерістер жүргізілді", – деп жазылған облыстық прокуратура хабарламасында.
Бүгін әлеуметтік желілер мен бірқатар БАҚ-та Өскеменде жаңа прокурор тағайындалғаны туралы ақпарат тарады.
Қаланың жаңа прокуроры болып 41 жастағы Руслан Әлішев тағайындалған. Ол 2022 жылғы тамыздан бері Абай облысы прокурорының орынбасары қызметін атқарып келген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова