Өскеменде балкон опырылып әйел құлап кетті

Оқиға қаладағы орталық көшелердің бірінде болды. Тұрғындар сөзінше, зардап шеккен адам кір жайып тұрғанда балкон тесіліп құлап кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі yk-news.kz сайтына сілтеме жасап.

Куәгерлер жарақат алған әйелдің жолы болды десті. Себебі, ол көп кеңсе орналасқан ғимараттың маңына құлады. Ал ол жерде медициналық білімге ие бірнеше адам бар. Ақ халаттылар келгенге дейін қолдан келген көмектерін аямаған.

"Пәтерінде тамақ істеп жүріп балконға шыққан сияқты. Мүмкін кір жаю керек болды ма екен? Біз жүгіріп жеткенде "үйде балам қалды" деп бірнеше рет айтты. Әйтеуір көршілерінің бірінен "болгарка" табылып, есіктің темірін кесіп жіберді. Үйге кіргенде ішін толықтай түтін басып кетіпті. Ал үстелдің астында бала айқайлап жылап отыр. Сырт көзге алты айлық сәби сияқты көрінді. Жамылғыға орап алып шығып, әйелдің туысқандары келгенше кеңседе қалдырдық", – деді Раушан Смаилова.


Болған жайттың тағы бір куәгері жарақаттанған әйелдің көршісі, әрі осы көпқабатты үйдің жетекшісі болып жүрген Любовья Зиновьева.

"Бұл үйде көбі пәтер жалдап тұрады. Олар осы уақытқа дейін балкон қауіп төндіріп тұрғанын, бетон бөліктері жиі құлайтынын айтып жүрді. Бірақ ешкім бұған мән бермеді. Соңы немен аяқталғанын өздеріңіз де көрдіңіздер. Қайта слесарь мамандар бар екен: есіктің темірін кесіп, баланы құтқарып қалды. Негізінде, есікті ашудың өзі көп уақытты алды", – деді ол.

Нәтижесінде зардап шеккен әйелді жедел жәрдем көлігі алып кетті, ал бала әйелдің туысқандарымен қалды. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің ақпаратына сүйенсек, балконнан құлаған тұрғынның өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!