Өскеменде балалар тауып алған адамның бас сүйегі тұрғындардың үрейін ұшырды

Өскеменде балалар тауып алған адамның бас сүйегі тұрғындардың үрейін ұшырды
Фото: novosti_uka парақшасынан

Өскеменде балалар тауып алған адамның бас сүйегі тұрғындардың үрейін ұшырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тәртіп сақшылары мұндай оқиға болғанын жоққа шығармады. Қазір соталды тергеу амалдары басталды.

Бас сүйек Өскеменнің Шмелов Лог ауданы аумағында табылды. Балалар суретке түсіріп, алдымен ата-аналарына көрсеткен. Қатты қорыққан олар ақпаратты бірден әлеуметтік желілерде бөліскен.

"Мектепте оқып жүргенімде ұлдар жолдың шетінен адамның қаңқасын тауып алған еді. Шашы түсіп бітпеген, беті қатпарланып кеткен сұлба әлі есімде. Бас сүйекті үшкір таяққа қадап, мектептегі қыздарды қуалап қорқытатын. Сосын оны үлкендер көріп, артынша полиция шақырылды", - деді Галина Дзюба есімді тұрғын.

Түс кезінде балалар назарына іліккен зат жайлы тәртіп сақшылары да пікір білдірді. Ресми ақпаратқа сүйенсек, Железнодорожная көшесінде табылған адамның бас сүйегі мен қаңқалары туралы дерек тіркелген.

"Қазір соталды тергеу амалдары басталды. Соның нәтижесінде тиісті сараптама жасалып, анық-қанығы белгіленеді. Өзге мәлімет ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес таратылмайды", - делінген ШҚО Полиция департаменті хабарламасында.

Асыл Бигелді

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz