Өскеменде 40 жастағы қала тұрғынын пойыз қағып кетті

Елімізде жыл басынан бері теміржол рельстерін кесіп өткені үшін 39 мыңнан астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Өскемен-1 станциясында жүк пойызының машинисі 40 жастағы қала тұрғынын жанай қағып кетті. Ол түрлі жарақат алып, Өскемен ауруханасына жеткізілді. Бұл туралы көліктегі полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Мадияр Айтуғанов айтты.

Оның сөзінше, әйел адам теміржолды белгіленбеген жерден кесіп өткен. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Мадияр Айтуғанов жазатайым оқиғалардың теміржол рельстерін жаяу жүргіншілер жолы ретінде пайдаланған кезде жиі болатынын және оған қатаң тыйым салынатынын айтты. Сондықтан теміржол бойында болған кезде әрбір адам мейлінше қырағылық танытуы керек.

"Полицейлердің ұдайы жүргізетін профилактикалық жұмыстарына қарамастан, азаматтар тарапынан теміржол қозғалысы қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактілері тіркеліп жатыр. Өткен кезеңде жылжымалы құрамның астына 79 азамат түссе, оның жартысынан көбі өліммен аяқталды, соның ішінде алты факті бойынша балалар зардап шекті", - деді Айтуғанов.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!