Өскемен шетіндегі Ново-Ульбинка ауылы тұрғындары қалаға жаяу баруға мәжбүр. Бұған дейін олар қалаға шағын автобуспен қатынайтын. Бірақ бір айдан аса уақыт бұрын тасымалдаушы мұның тиімсіз екенін айтып, қала сыртына шығуын тоқтатқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл елді мекенге жету үшін ескірген аспалы көпірмен өту қажет. Кіреберіс жол тар, жеңіл көлік болмаса, жүк көлігі сыйып кетуі екіталай.
"Титан-магний комбинатынан №357 автобус жүретін. Наурызда кенет бас тартты. Содан бері әр тұрғын қалаға амалдап жетуге мәжбүр. Мұнда көп адам Өскеменде жұмыс істеп, ауруханаға барады. Дәрі-дәрмекті де облыс орталығына барып аламыз", - деді Қайратбек Елемес есімді тұрғын.
Одан бөлек, Ново-Ульбинкада тұратын балалар қала іргесінде Согра ауданындағы мектепте оқиды.
"Балаларым сабаққа уақтылы бара алмайды. Екі қызым бар, бірі 15-те, екіншісі жетіде. Жолда кезіккен көлікке мініп баруы керек пе? Өз көлігіміз бар болса да, бір күні істен шығады. Тасжол бойында отбасымызбен жаяу сенделеміз. Мына тұрған қаладан ауылға бір сағат дегенде әрең жетеміз. Үйге түнгі сағат 23:00-де келген кездер де болды", - деді Альбина Ахметжанова.
Оның сөзінше, Өскеменнен ауылға жету - бұрыннан бар мәселе. №357 автобус қаладағы тасымалдаушының қарамағында. Жазда көп адам саяжайға келгенде қоғамдық көлік мәселесі аз да болса реттеліп отырған. Ал қыста "жол шығынын ақтамайды" деген желеумен жолаушыларды анда-санда тасымалдапты. Биыл көктемде №357 автобус Өскеменнен қатынауды тоқтатқанда, тұрғындар жергілікті әкімдіктен көмек сұраған.
Ал шенеуніктер 20 сәуірде бұл мәселе облыс әкімдігінде талқыға салынып, жуық арада шешімін табатынын жеткізіпті. Облыс әкімдігінде Ново-Ульбинка ауылы тұрғындарына барлығы алты, оның ішінде таңертең үшеуі, түсте біреуі және кешке екі рейс жолға шығатыны хабарланғаны айтылды.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!