Өскемен іргесіндегі Новоявленка ауылының тұрғындары "көк түтіннен көз аша алмай отырмыз" деп шағымданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Almaty" телеарнасына сілтеме жасап.
Мұнда 2 ай ішінде бүтін бір зауыт іске қосылған. Көпшіліктің айтуынша, бұл туралы мемлекеттік органдар хабарсыз. Ауыл тұрғыны Любовь Горбатовская кәсіпорын салдарынан демікпесі асқынғанын айтты.
"Менің демікпем бар. Ал терең тыныстау үшін тереземді аша алмаймын. Күндіз де, түнде де жағдай - осы. Оларға кім рұқсат бергенін білмеймін", – деді Любовь Горбатовская.
Мәселенің жай-жапсарын анықтау үшін жұрт жауаптыларға талай барған. Ал кәсіпорын өкілдері тұрғындар келісімін бергенін алға тартады.
Санитарлық және экологиялық нормаларға сәйкес кәсіпорын тұрғын үйден кем дегенде 500 шақырым жерде орналасуға тиіс. Ал мұндағы қашықтық шамамен 50 шақырым ғана болады.
"Кәсіпорындар жұмысқа кіріспей тұрып, Экологиялық кодекстің 68-бабына сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға, Экология департаментіне жоспарланған қызметі туралы өтініш білдіруі керек. Тиісінше соған қатысты қоғамдық тыңдаулар өтеді", – деді Экология департаментінің аға экологиялық мемлекеттік инспекторы Меруерт Жарлығасымова.
Алайда бұл кәсіпорын мұндай рәсімдерді жүргізбеген. Енді компания мемлекеттік органдардың алдында жауап бермек.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова