Өскемен әкімдігі дарынды сәулетшілерге қаланы безендіріп, сыйлық ұтып алуды ұсынады

Өскемен әкімдігі дарынды сәулетшілерге қаланы безендіріп, сыйлық ұтып алуды ұсынады.

Әкімдік жариялап отырған OskemenArch сәулет жобаларының байқауы қаламызды сәулет өнерінің туындыларымен байытып, отандық мамандарға өз өнерін кеңінен паш етуге мүмкіндік береді.

Қазір қалалық сәулет бөлімі еліміздің сәулетшілері мен дизайнерлерінен өтінім қабылдап жатыр. Байқауға қатысу үшін құны 10 миллион теңге болатын шағын сәулет пішіні бойынша жоба, яғни самалжай, фотоаймақ, демалатын алаң және т.б. ұсыну қажет.

Барлық өтінімдердің ішінен арнайы комиссия 10 қатысушыны таңдап алады. Оларға қала аумағында өз жобасын іске асыру үшін жер учаскелері беріледі. Сондай-ақ қала басшылығы құрылыс жұмыстарының шығындарын да өтеп бермек.

Тамыз айында он автордың арасында көлемі сегіз миллион теңге болатын сыйлық қоры ұтысқа салынады. Жеңімпаздар конкурстық комиссияның шешімі мен қала тұрғындарының дауыс беруі бойынша анықталады.

Байқаудың бірінші кезеңіне өтінімдер 25 сәуірге дейін қабылданады. Шарттар туралы толығырақ қала әкімдігінің ресми сайтының «Пайдалы сілтемелер» бөлімінен «OskemenArch архитектуралық жобалар конкурсы» бөлімінен білуге немесе Instagram парақша профиліндегі бекітілген сілтемеден өтуге болады.

Өскемен қаласының ақпараттық орталығы ұсынған материал

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!