Өскемен әкімі вокзал ғимаратын иесі ретке келтірмесе, оны мемлекет меншігіне қайтаруға уәде берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Устинка LIVE-қа сілтеме жасап.
Тарихи мұра болып есептелетін вокзал ғимараты 2000 жылдардың басында жеке меншікке өткен. Осы жылдар ішінде оның иесі бірнеше рет ауысқан, ал ғимараттың өзі жөндеу көрмеген. Ғимарат апатты жағдайда, қала әкімі Жақсылық Омар тұрғындардың арыз-шағымынан кейін сенбі күні вокзалды аралап көрді. Ал ғимарат иесі әкіммен кездесуді елемеген.
Қала басшысы ғимарат иесін бірнеше рет кездесуге шақырғанын, бірақ оның келмегенін айтты.
Әкім енді сәулет ескерткішінің жағдайына көз жұмып қарап отыра алмайтынын айтты. Сонымен қатар вокзал қаланың маңызды көлік торабы болып есептеледі, мұнда көп автобустың соңғы аялдамасы орналасқан.
"Мен нені байқадым? Перронда мұз жатыр, жүру мүмкін емес, мүгедектігі бар адамдардың жүруіне жағдай жасалмаған, қарапайым пандустың өзі жоқ, күту залы мүлдем талапқа сай емес, дәретханалардағы сұмдық туралы айтпай-ақ қояйын. Ғимарат жекеменшікте болғандықтан, оны жөндеу мен күтіп ұстауға біз бюджет қаражатын жұмсай алмаймыз", - деді Өскемен әкімі Жақсылық Омар.
Ғимарат иесі 15 ақпанға дейін жөндеу жоспарын әзірлеп, қала басшылығына тапсыруы керек. Әкім кәсіпкердің қаржылық жағдайын тексеру жөнінде тапсырма берді. Сондай-ақ вокзалдың санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға және сәулет ескерткіштерін күтіп ұстау ережелеріне сай не сай емесі тексеріледі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!