Депутат Руслан Берденов аймақтарды аралап, түрлі мәселені көргенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Руслан Шаекиннің youtube арнасына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, әр депутаттың өзінің баратын аймағы бар.
"Басқа депутаттарды білмеймін. Біздің партияда аймақтарға бару міндетті. Себебі 6 депутат, 20 өңір бар. Жалпы жаңа сессияға дейін 98 депутаттың әрқайсысы 2-3 аймаққа барды. Бізде аймақтағы мәселелерді мәселелерін тыңдап, жаңа сессияда соны айту керек. Байқағаным, аймақтарда әлеуметтік мәселе көп. Жарық, су, газ, жол, медицинаның олқылығы, білім саласындағы мәселелер көп айтылды. Мысалы, батыс аймақтағы ең көп кездесетін мәселе - құмар ойынын ойнау. Себебі, көп адам вахтамен жұмыс істейді. Тапқан жалақыларын соған жұмсайды. Осы ретте ең бірінші депутаттық сауалым құмар ойын ойнауға қатысты болды. Себебі күнде ойынның себепкерлігінен өз-өзіне қол жұмсағысы келетіні туралы жазылған 8-10 хат аламын. Барлығының өлімге апаратын жолы бір. Ақшасынан ұтылады, қарыз алады, оны да ұтылады, микрокредиттік ұйымнан алады. Оларды төлей алмайды да, өмірмен қоштасуға бейім болады. Бұл мәселе Мемлекет басшысына да жетті. Осыдан кейін тиісті іс-шаралар қолданады деген үміт пайда болды", - деді Руслан Берденов.
Депутаттың айтуынша, партия мүшелерімен ауылдарды аралағанда көңіліне жайсыз тиген бірнеше факторлар болған.
"Ауылдарды аралағанда көңіл-күйім түсіп кетті. Кейбір нәрселерді көріп, үмітімді үздім. Өмір сүру үшін қажетті қарапайым нәрселерді істей алмай отырмыз. Бізде дәретханадан бастап құрылыс нысандарына дейінгі мәселе толып тұр. Соны шешу керек. Сол үшін өсекті, хайпты қойып, бір мүддемен, ортақ идеямен жүрген жөн. Біздің елімізде ұлттық идея жоқ. Барлығымызды біріктіретін ұлттық мүдде жоқ. Жастар бөлек, орта буын басқаша, үлкендер өзге нәрсе ойлайды. Бізге осы жетпейді", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін "Пәтер, тегін ем, көлік". Берденов депуттарға жасалған жағдай туралы айтқаны жарияланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Бала неге сабақ оқығысы келмейді?
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!