Moldanazar деген атпен танымал әнші Ғалымжан Молданазар қазақ тілін үйрену мәселесін қозғады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өнер иесі бұл туралы AIRAN Youtube-арнасына берген сұхбатында айтты. Оның айтуынша, ол Алматыға алғаш келгенде орыс тілінде мүлде сөйлей алмаған.
"Мен мысалы, бұрын осы Алматыға келгенде, ауылдың баласымын ғой, орысша сөйлей алмайтынмын. Дүкенге келіп, қазақша нан сұрасаң, маған жауап бермейді. Бірақ сатушы мені түсініп тұрғанын көріп тұрмын, сен қиналып, тіліңді сындырып, орысша сұрамайынша жауап бермейтін. Автор ретінде маған құжат әкелсе де, орыс тілінде, терминдері бар. Оның барлығын түсінбеймін, сондықтан маған авторлық құқық жайлы қиындықтар болды. Қазір орыс тілін адамдармен сөйлесуге жеткілікті үйреніп алдым", - дейді ол.
Музыканттың айтуынша, оның ауылында орысша білетін адам жоқ. Бәрі қазақша сөйлейді. Әнші сол ауылда қазақша білмейтіндер екі ай тұрып көрсе, кем дегенде қазақша түсіне бастайтынына сенімді.
"Қазақ батырлары туралы ертегілерді балаларға қызық етіп, түрлі-түсті етіп жасау керек... Біздің кітаптарда батырлар үлкен және қап-қара қылып суреттелген. Кішкентай балаға ол қызық емес. Балаға өрмекші-адам қызық. Батырларға кішкентай бала қызығатындай етіп жасалса, суреттер де сапалы болса, онда көмегі тиері анық. Бұл тек кітаптарда ғана емес, музыкада да бар.
Мемлекет тарапынан көп нәрсе істелу керек. Олар кітаптарға, комикстерге және мультфильмдерге жеткілікті қаржы бөлу керек. Жақсы мамандарды шақырыңыз. Өйткені олар тендер арқылы алып алады да, ең арзан жұмыс күшін іздейді. Олар жұмысын енді бастаған операторлар, композиторларды алып, асығыс бірнәрсе түсіріп, телеарналарға тапсырады. Менің балам мұны көргісі келмейді. Кішкентай бала мұны түсінеді. Басқа арнада сапасы жақсы шетелдік туынды көрсе, соны қарағысы келеді", - дейді өнер иесі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!