Халықаралық авиакомпаниялардың бірінің экс-стюардессасы Марика Микусова жұмысының кемшіліктері туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі DailyMail басылымына сілтеме жасап.
33 жастағы әйел карьерасы туралы "Стюардесса күнделігі" атты кітап жазған. Сұхбатта ол ұшақ бортында жұмыс істеу көбі ойлайтындай "керемет" емес екенін айтты.
Марика Микусова бір кездері өзінің "көктегі даяшы" атанғанын да жеткізді. Ол өзіне деген мұндай құрметсіздікке қарамастан, міндеттерін күлімсіреп орындауы керек болған.
"Оларды кінәлай алмаймын, дайындықтан өткенімізді және төтенше жағдайда оларды ұшақтан қалай қауіпсіз жерге шығаруға болатынын бәрі біле бермейді. Кейде жұмыстың осы бөлігін адамдар бағаламайды", - дейді ол.
Марика стюардесса ретіндегі қиындықтардың бірі күлімсіреу екенін айтады. Бұл кезде жолаушылардың дөрекілігіне назар аудармай, кәсібилік таныту керек екен.
"Үнемі күлімсіреу керек. Біраз әріптесім бастапқыда қиындықтарға тап болып, дөрекі жолаушыларға дауыс көтермей, сыпайы қарым-қатынас жасап үйренуі керек болды", - деді ол.
Бұрынғы стюардесса жиі уақыт белдеуін ауыстыру да денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін екенін жеткізді.
"Түрлі уақытта ұйықтау арқылы ағзаңыздың "биологиялық сағатын" бұзасыз. Өзіңізге қамқорлық жасамасаңыз, ауырып қалуыңыз мүмкін", - деді Марика.
Сондай-ақ, ол жолаушылар өз-өзін ұстай алмайтын бірнеше жағдай болғанын айтты.
"Мысалы, жолаушылар еденге түкіріп, орындықтарға қажетін өтеген жағдайлар болды. Бір күні дәретхана қабырғасынан нәжіс іздерін таптық. Бір жолаушы баласын бөтелкемен мен тамақтандырғанымды қалады, оған бұл менің міндетім сияқты көрінді. Сондай-ақ, бізден жеке телефон нөмірімізді жиі сұрайтын", - деп түйіндеді ол.
Сонымен қатар, экс-стюардесса өзі жұмыс істеген авиакомпанияда қатаң мінез-құлық кодексі болғанын, оны сақтамаған қызметкерлер сөгіс алғанын жеткізді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!