"Орындалмаған арман". Анна Данченко үлкен өкініші туралы айтты

Танымал тележүргізуші, журналист Анна Данченко орындалмаған арманы мен үлкен өтініші туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Кеше үлкен қуаныштың куәсі болдым. Той иелерінің қалауы бойынша, әкелері Мұхай ағаның 75 жас мерейтойы мен аналары Майра апай екеуінің отасқандарының 55 жылын атап, дүбірлі той жүргіздік. Қандай тамаша көрініс десеңізші! Ұл-қыздары, немере-шөберелері ортаға гүл шоқтарымен шыққан кезде көзге еріксіз жас келді, себебі бұндай бақыт екінің біріне бұйырмайды. Бұл күнге жеткен де бар, жетпеген де. Шыны керек, мен де дәл сондай тойды ата-анама жасап бергім келген еді. Былтыр Әкеммен Анамның шаңырақ көтергендеріне 50 жыл болды… бірақ жанымызда Әкеміз жоқ", - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында. 

Осылайша журналист әкесінің 50 жасқа толған туған күнін қалай атап өткенін есіне алды. 

"50 жыл деген - Алтын той, жарты ғасыр. Екі адамның бас қосып, қуанышты да, қайғыны да бөлісіп, өмірдің түрлі сынақтарына мойымай, шыдап, төзіп, отбасын сақтап қалып, бала-шағаға тәрбие беріп, оқытып, көпке үлгі болып - үлкен жауапкершілік, үлкен бақыт. Студент кезімде Анамның 50 жас мерейтойын жасап, өзім жүргізгенім есімде😅 Сондай ерекше сезім! "Той - халық қазынасы", жақсы тіліктер айтылып, бата алатын күн. Әкеміздің 50 жасын үйде атап өткен едік. Әке-шешемнің достары мен Құдай қосқан көршілеріміз жиналып, ақ дастархан басында әндетіп, естеліктерімен бөлісіп, арқа-жарқа болып отырды. Кешке қонақ күтіп, таңда пойызбен Алматыға оқуға жол жүргенім есімде. Түнімен үй жинап, ыдыс-аяқ жуып, барлығын реттестіріп, шаршап қалғаным бар. Бірақ "шаршасақ тойдан шаршайық" дегендей, Папа мен Маманы қуантқаныма өзім мәз болдым. Пойызда жарты күн ұйықтап, артынша пакетке салцп алған бауырсақ, ет, салаттармен сапарлас кісілермен шәй ішкеннің өзі күштііі еді. Айта берсең көп қой", - деп жазды Анна Данченко. 

Ішіндегі сырын бөліскен журналист өзінің түйген ойларын да ортаға салды. 

"Той барысында қарт кісілердің тілегі көп тыңдала бермейді, ал мен, керісінше, құлақ асып тыңдаймын, рахаттанамын. Көпті көрген қарияларымыздың сөзі дана. Өмір - бір-ақ сәт. Алла қаласа, біз де сол жасқа келіп, тілек айтып, бата берейік. Кешегі тойда 94 жастағы әже: "Менің өмірім бір күнде өте шыққандай",- деді. Рас, уақыт зуылдап өтіп барады. Жақындарыңызды қуантуға тырысыңыздар! Асығыңыздар! Той жасаңыздар! Осындай қуаныш, осындай той баршамызға жұғысты болсын!" - деп қорытындылады ол. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!