Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, ғалым Асқар Жұмаділдаев Мемлекет басшысымен қалай танысқанын және арнайы тапсырма бергені туралы "Алғашқы" бағдарламасында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ғалым Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмасын орындаған соң жұмысынан кететінін айтты.
"Бұл кісінің тапсырмасы мен үшін маңызды тапсырма деп есептеймін. Шенеунік болу менің жұмысым емес. Мұнда мәңгі отырамын деп ойламаймын. Тек тапсырманы атқарамын да кетемін. Менің ойымша, 1-2 жылда біту керек. Өйткені академияны қалай құру керек, қалай жұмыс істеу керек, гранттар қалай бөліну керек,т.б. сол сияқты ғалымдардың жағдайын жасауға арналған механизмін жасап беремін", - деді ол.
Асқар Жұмаділдаев Мемлекет басшысымен қалай танысқанын айтты.
"Қызым мектепке барды. Ол кезде мен депутат болдым. №56 мектепке апарып едім, орыс мектебі еді. Мектеп басшысы "қазақ сыныбын ашамыз" деді. Содан бір күні қарасам, Қасекеңнің де баласы сол мектепке барады екен. Содан 1-2 ай өтті, бірақ қазақ сыныбының ашылатын түрі көрінбейді. Сосын қызымды мектептен алып кететінімді айттым. Естіп тұрғандардың бәрі "қайда апарасың?" деп сұрады. "№9 мектеп-интернатқа апарамын" дегенде, тұрғандардың бәрі "колхозниктердің" мектебі ғой" деп қарқылдап күлді. Ызам келді. "Колхозник екенімді мойындаймын, бірақ сендер де колхозниксіңдар, себебі бәрің қазақтың ығай-сығайының баласысыңдар, неге қазақша сөйлемейсіңдер, ал мен ол мектепке қазақша оқыту үшін апара жатырмын" дедім. Көпшілігі біразға дейін амандаспай, ренжіп жүрді. Тек бір кісі ғана үндемей тұрды. Ол - Қасекең. Бір айдан кейін менімен келіп, қазақша сөйлесе бастады. Алғашқы таныстық сол кезде басталды", - деді ғалым.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!