Алматы әкімі Ерболат Досаев Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесті. Кездесу кезінде 80 жастағы зейнеткер қала әкіміне шағымын жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тұрғынның шағымы
Зейнеткер бұл сұрағын әкімге 2 жыл бұрын да қойғанын еске салды. Оның сөзінше, өзіне тиесілі жер учаскесін кәсіпкер иеленген. Салдарынан үйіне баратын жол жабылған.
"Жалпы 100 шаршы метр жер Жер қатынастары басқармасы бекіткен құрылыс жобасымен бұрынғы мемлекеттік актісі де, қазіргі мемлекеттік актісі де жоқ кәсіпкерге берілген. Кәсіпкер оған тиесілі шекараны менің шекараммен келісуге мәжбүрлеу туралы өтініш білдірді, оған бас тартылды. Сұрақ қайтадан шешілмеген күйінде қалып отыр. Бұған дейін сізге жүгінгенімде мәселе түсінікті екенін, 15 күннен кейін шешілетінін нақты әрі анық айттыңыз. Алайда сіздің орынбасарларыңыз Әмрин, Әбдіқадыров мені қабылдап, тәкаппарлана сұрақ қойды. "Әжей, жеке көлігіңіз бар ма, сол үшін үйіңізге өте алмай жүрсіз бе немесе оның саудасы сізге кедергі келтіріп жатыр ма?" деп сұрады. Осындай қарым-қатынас жасады. Сізден шаралар қабылдауды сұраймын. Өйткені жасым 80-де. Олармен қарсыласуға ешқандай күшім жоқ", - деді ол.
Әкімнің жауабы
Алматы әкімі Ерболат Досаев бұл жағдайдан хабардар екенін жеткізді.
"Сізбен бірінші рет кездесіп тұрған жоқпын, жасыңызды сыйлаймын. Біріншіден, бұл Алмалы ауданының мәселесі емес, ол қайда орналасқаны есімде. Өкінішке қарай, заң бар, құқықтық шарттар, сол арқылы алға жылжимыз. Мен бұл мәселені реттеу бойынша тапсырма бердім. Өкінішке қарай, бұған дейін қабылданған, бөлінген жер учаскелері бойынша шешім қабылдай алмаймын. Егер прокуратураға жаңа өтініштеріңіз болса, бұл мәселемен айналысамыз. Бұл нәрседен ешкім қашпайды. Егер заң бойынша сіздің көршіңіз тиісті арыз беріп, шекарасын келісу туралы шешім алса, қарсылық білдіреміз немесе алда қарастырамыз", - деді ол.
Досаев бұл сұраққа аудан әкімінен жауап беруді сұрады. Сауалға Гүлнәр Көкебаева жауап берді.
"Жетісу ауданының тұрғыны біраз уақыттан бері жүгініп жүр. Алғашында ол көршісінің құжаттарына қатысты дауласты, алайда сот шешімімен ол (көршісі - еск.) заң бұзбағаны, өз құқығына заңды түрде қол жеткізгені анықталды. Тұрғынның талабы сотта бірнеше рет қаралды. Оның жер учаскесіне қатысты ешқандай заңбұзушылық жоқ", - деді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова