- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ортақ түркі әліпбиі...
Ортақ түркі әліпбиі - фонемалар базасы - Құралай Күдеринова
Жақында Бакуде Түркі мемлекеттері ұйымының жанынан құрылған арнайы комиссияның ІІІ отырысында түркі елдеріне ортақ әліпби қабылдау шешімі мақұлданды. Ортақ әліпби 34 әріптен тұрады. Дегенмен түркі әлеміне ортақ жаңа әліпбидің нұсқасы әзірге жарияланған жоқ. Осы орайда Massaget.kz тілшісі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары, филология ғылымдарының докторы, профессор Құралай Күдериновадан түркі елдеріне ортақ жаңа әліпбидің артықшылықтары мен қиындықтары туралы сұрады.
Ғалымның айтуынша, түркі тілдеріне ортақ әліпбиді, ортақ әріптер таңбасын енгізуде өзара келісім болса, қиындық болмайды.
"Себебі кешегі өткен Бакудегі ортақ түркі әліпбиін қабылдау шешімі бұрынғы отырыстарға қарағанда біршама келіскен, бір-бірімен біршама санасқан комиссияның қорытындысы болды. Ортақ әліпби негізінде, ортақ әріптер базасы негізінде әр тіл өзінің жеке ұлттық әліпбиін жасайды немесе түзетеді. Түсіндіре кететін тұс, бұл – ортақ әліпбидегі барлық әріптерді алу міндет еместігі. Мұнда әр тіл өзінде қай дыбыс бар сол дыбыстың таңбасын ғана осы әліпбиден алады. Мысалы, ортақ әліпбиде с және j әрпі бар, бұл екі әріпті ж және дж дыбыстары бар тілдер ғана алады. Ал қазақ тілі үшін бір ғана j таңбасы жеткілікті. Ортақ түркі әліпбиі әр тілдің барлық фонемалары қамтылған әліпби емес, түркі тілдеріне ортақ фонемалардың базасы. Сондықтан бұл базаға түркі тілдері келіскеннен кейін, оның ішіндегі әліпби құрамына өзгерістерді өзара ойласа отырып салғаннан кейін бұл жерде қиындық тумауы керек", - деді профессор.
Түркітілдес елдердің ортақ әліпбиін жасаудың артықшылықтарымен қатар қиындықтары да кездесуі мүмкін.
"ХХ ғасырдың басында Елдос Омаров: "Түркі халықтары бірдей сөйлейді, бірақ әртүрлі жазады" деген еді. Расымен де, түркі тілдерінің ішінде оғыз, қыпшақ, қарлұқ болып бөлінетін топтағы тілдер бір-бірімен өте жақын тілде сөйлейді. Алайда ажыратып тұрған – әліпби. Мысалы, қазақ тіліне қарақалпақ, ноғай, башқұрт, татар тілдері жақын. Олардың әсіресе жасы үлкен қарияларының сөзін тыңдасаң, кәдімгі қазақ тілінде сөйлеп тұрғандай түсінесің, өте түсінікті. Бірақ осы тілдердің мәтінін газет-журналдан оқысаң, қиындыққа тап боласың. Мәселен, қазақ тілінде "қ" "аяғымен" жазылса, өзгелерде "к"-ның қасына жуандық белгісі қойылады. Немесе "ә" үшін "а"-ның қасына жіңішкелік белгісін қойып таңбалайды. Міне, осындай жағдайда ортақ түркі әліпбиі өзіне жақын тілдердің тез түсінісуіне септігін тигізеді.
Қиындықтарын да атап өтейін. Түрік тілі латын графикасын 100 жылға жуық, яғни 1928 жылдан бері, ал әзербайжандар мен өзбектер 90-жылдардың басынан бері қолданады. Көз жаттығып, қол дағдыланып, жазуы дәстүрге айнала бастаған тілдер бұлар. Дәстүрге айналған жазуды өзгерту қиын. Қате болса да, жүйесіз болса да, бір дағдыланып алғаннан кейін өзгертпеуге тырысады.
Түркі тілдерінің дыбыстарына ортақ таңба беруде көп қиындық тумады, тек "ы" дыбысы үшін, "y" және нүктесіз і әрпін беруде, ә дыбысы үшін ә әрпі және а-ның үстіне қос ноқат (умляут) қойылған таңбаның қайсысын алу туралы біршама келіспеушіліктен кейін, бір ортақ келісімге келдік", - деді ол.
Бұған дейін ортақ әліпби енгізу 1991 жылы Ыстамбұлда өткен үлкен жиында барлық түркі халықтарына қазіргі түрік тілінің әліпбиі негізінде ұсынылған болатын.
"Сол жиында ортақ түркі әліпбиі қабылданып, барлық түркі елдері өздерінің әліпбиіне негіз етіп алуға уағдаласқан еді. Алайда түрікмен, өзбек, қарақалпақ әліпбилерінде ортақ әліпбиден біршама айырмашылықтар бар. Сол себепті ортақ түркі әліпбиі мәселесі қайта көтеріліп отыр", - деді ол.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы