ER-BATYR жобасының жаңа қонағы - "Астана" баскетбол клубының бас директоры, продюсер әрі Big Som лақап атымен өнер көрсететін рэп орындаушы Самсон Аракелян.
Ол ағасы мен әкесінің мектептегі буллингтен арылуға көмектескен кеңестері, карьерасының қалай басталғаны, тұрғын үй-пайдалану кеңсесінің (ЖЭК) күзетшісі болып жұмыс істегені, сондай-ақ, қыздарын қалай тәрбиелейтіні және болашақта Қазақстанды қалай көргісі келетіні туралы ашық айтты.
Жаңа шығарылымды ER-BATYR YouTube-арнасынан тамашалай аласыздар. Жоба серіктесі - Tele2 ұялы байланыс операторы.
Самсон бала кезінде ағасы мен әкесі айтқан әрі оған өмірде көмектескен бірнеше кеңес есінде екенін айтты. Соның бірі - жақын достарың мен таныстарыңа өзіңді келеке етуге жол бермеу.
"Қазір қалай екенін білмеймін, бірақ сол кезде бұл кеңес көп көмектесті. Қазір мұндай әзілдер буллингтің бастауы болуы мүмкін. Оның үстіне көзілдірік тағатын едім, көру қабілетім нашар болатын, "төрт көз" және тағы басқа лақап аттар қоюға оңай еді. Оған бірден жол бермедім. Бірақ мектепте мұны жасауға күші жетпеген немесе оны әзіл деп ойлаған балаларға не болғанын көрдім. Ақырында мұндай әзілдер тереңдеп кеткені соншалық - кейін оларға буллинг жасала бастады. Сондықтан, менің ойымша, мұндай кішкентай кеңестер жасөспірім кезде көп көмектеседі", - деді ол.
Жоба қонағының айтуынша, карьерасының бастауы болашақта қалай жұмыс істейтінін анықтап берген.
"19 жаста едім, сырттай заңгер мамандығында оқыдым, ақша керек болды. Анам маған тұрғын үй-пайдалану кеңсесінің (ЖЭК) күзетшісі болып орналасуға көмектесті. Сол кез жаз еді. Достарым, музыкаға деген махаббатымды білетін, осылайша, диджей әрі Ақтауда сол кездегі аңызға айналған "Каспий жағалауы" дискотекасын ұйымдастырушылардың бірі болуды ұсынды. Екі-үш айдан кейін заңгер болып жұмысқа тұруға мүмкіндік туды. Келесі айларым былай өтті: таңертең заңгер болып жұмыс істеуге бардым, кешке тұрғын үй-пайдалану кеңсесінің (ЖЭК) кілтін қабылдадым, түнгі 12-де дискотекаға бардым, таңғы 4-те қайтып келдім, 8-ге дейін ұйықтап, содан кейін қайта заңгер болып жұмыс істейтін едім. Неліктен бұл менің жұмысымды анықтап берді деймін? Өйткені бірде-бір жұмысым туралы бұл менің бүкіл өмірімнің ісі деп айта алмаймын. Бір кезде ол мені жалықтырып жібереді, бағытты өзгертемін. Ақыр аяғында баскетболды таңдадым, өйткені мен үшін ол - шоу-бизнес, спорт және бизнестің жиынтығы", - деді ол.
Самсон қыздарға қатал әке болу мүмкін емес деп санайды, бірақ көбіне олардың тәрбиесімен анасы айналысуы қажет.
"Кім болатынымыз, қандай болатынымыз жазылып қойған. Ата-ана баласына ең ыңғайлы әрі бақытты өмір жасауы керек. Тек кейбір тұста күнделікті нәрселерді түсіндіруі қажет. Қыздарым өздері қалағандай адам болатынына сенімдімін, ештеңені айтарлықтай өзгерте алмаймын. Олар ертең шаштарын қызғылт түспен бояғысы келсе, онда бұл - олардың таңдауы. Оларды сындыруға немесе шектеуге тырыспауым керек. Ең бастысы - олардың бақытты болуы", - деді ол.
Самсонның пікірінше, Жаңа Қазақстан - адамдардың жауапкершілігі, балаларың мен ұрпағың сенен кейін өмір сүретінін ұғыну.
"Әрқашан ортақ қазынаға, бюджетке қол сұғу - ұрпақтың аузынан жырып алумен тең. Дамуды толық тежейміз. Менің ойымша, қазір басты проблемамыз, әрине, сыбайлас жемқорлық. Өкінішке қарай, тез арада түбегейлі жоя алмаймыз. Жаңа Қазақстанды жалақыға әрі осы жұмыстан алатын рахатқа жұмыс істейтін адамдар басқарады деп үміттенемін. Олар лайық жалақы мен адамдардың құрметіне ие болады. Яғни Жаңа Қазақстанда шенеунік болсаң, үлкендер де, балалар да құрметтейтін, амандасатын және сені жақсы көретін адамсың. Болашақта осындай Қазақстан болады деп сенемін", - деді бағдарлама қонағы.