- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Өрт қауіпті кезең:...
Өрт қауіпті кезең: Алматы ТЖД сақтық шараларын ұстауға шақырады
Алматы және Алматы облысының мемлекеттік орман қоры аумағында 20 наурыздан бастап өрт қауіпті кезең жарияланды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингі барысында Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жаз - табиғи өрт оқиғаларының қаупі артатын шақ. Тілсіз жау қоршаған ортаға, экономикаға және адамдардың денсаулығына айтарлықтай зиянын тигізуі мүмкін.
Алматы қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Константин Канин Алматы қаласының өрт қауіпсіздігін өртке қарсы қызметтің 20 бөлімшесі жүзеге асыратынын атап өтті. Тәулік сайын шұғыл шақырту үшін жеке құрамның кемінде 280 адамы, негізгі және арнайы техниканың 70-тен астам бірлігі жұмылдырылады.
Қала аумағында 19 мың 803 га Іле-Алатау ұлттық паркі, Медеу табиғи паркі – 708,2 га және ауданы 137,7 га болатын "Баум тоғайы" бар.
"Өткен жылдың өрт қауіпті кезеңінде қала аумағында жалпы ауданы 13 га жерде құрғақ өсімдіктердің жануының 300 оқиғасы тіркелді. Негізгі себептер тұрғындардың отпен абайсыз жұмыс істеуі және тұрмыстық қоқыстардың әсерінен (қалдырылған шыны бөтелкелер, шыны сынықтары және т.б.) құрғақ шөптесіндердің өздігінен жануы болды", - деп нақтылады ол.
ӨКҚ спикері өткен жылы таулы-орманды жерлерде өрттің алдын алу мақсатында ТЖ Департамент қызметкерлерінен, Полиция департаменті және орман шаруашылығы мекемелерінен 161 рейд жүргізген мобильді топ құрылғанын хабарлады. 11 мыңнан астам азаматқа нұсқау берілді, 228 от жағудың жолы кесілді, 129 адам жалпы сомасы 7 млн жуық теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
- 103 адамға 505-баптың 1-бөлігі бойынша "ескерту" жасалды;
- 2 адамға 505-баптың 2-бөлігі бойынша жалпы сомасы 69 мың теңгеге айыппұл салынды;
- 4 адамға 386-бап бойынша "ескерту" берілді;
- 20 адамға 367-бап бойынша жалпы сомасы 6 млн 900 мың теңгеге айыппұл салынды.
Сондай-ақ 4 ауқымды өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді.
Туристерді өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау туралы хабардар ету үшін, сондай-ақ таулы-орманды жерлерді патрульдеу және бақылау үшін Департамент екі ұшқышсыз ұшу аппаратын пайдаланды.
Орман өрттерін ерте анықтау мақсатында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен "Медеу" табиғи паркі оптикалық-сенсорлық қондырғылар мен үш жылу бейнелеу камерасы арқылы өрт және түтіндену ошақтарын ерте анықтау бойынша орталықтандырылған бейнемониторинг жүйесін орнату бойынша жұмыстар жүргізді.
2024 жылы "Іле-Алатау" ұлттық паркінде орталықтандырылған бейнемониторинг және ерте анықтау жүйесін орнату жоспарланған.
Ағымдағы жылдың сәуір айында Алматы қаласының төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссиясының отырысын өткізу жоспарланып отыр, онда азаматтық қорғау қызметтеріне түрлі тапсырмалар беріліп, орман аумақтарын өрттен қорғаудың қажетті деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар әзірленетін болады.
"Өткен өрт қауіпті кезеңнің тәжірибесін ескере отырып, Алматы қаласы аудандарының әкімдіктеріне тұрғын үй секторы мен құрғақ өсімдіктердің шекараларында минералданған жолақтар құру қажеттілігі туралы хаттар жолданды", - деді К. Канин.
Мегаполис аумағында өрт қауіптілігі класы жоғарылаған кезде ТЖД қосымша шаралар қабылдайды-күштер мен құралдар қызмет өткерудің күшейтілген нұсқасына ауыстырылады, механикаландырылған күзеттер тұтануға барынша бейім учаскелерде қойылады.
"Әркімге айтқым келетіні, Алматының және оның айналасының табиғаты шын мәнінде бірегей екенін еске салғым келеді.Тек ортақ күш-жігермен ғана біз оны сақтап, көбейте аламыз", - деп қорытындылады К. Канин.
Мегаполистің тұрғындары мен қонақтарына таулы-орманды жерлерде өрт қауіпсіздігі ережелері еске салынды:
- өрт тудыруы мүмкін демалыс орындарында қоқысты қалдырмаңыз және өзіңізбен бірге алып жүріңіз;
- жанып тұрған сіріңкелерді, темекі тұқылдарын тастамаңыз, құрғақ шөпті күйдірмеңіз;
- от жағуға жол бермеңіз, осы мақсаттар үшін арналмаған жерлерде мангалдар мен басқа да тамақ дайындауға арналған құрылғыларды пайдаланбаңыз.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина