Танымал ақын Серікзат Дүйсенғазы соңғы қоңырау салтанатына орай марқұм ұлы оқыған мектепке барып, әлеуметтік желіде әсерлі жазба жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Бүгін №9 "Зерде" мамандандырылған дарынды балалар мектебінде оқу жылының қорытынды "Жұлдыздар шеруі" салтанатты шарасы өтті. Жылда барып жүрген шарам ғой. Маңдайым жарқырап барып, Әлиханым "Зерде жұлдызы" кубогының иегері болып, мен мектеп директорынан "Алғыс хат" алып марқайып қайтатынмын. Биыл да "Алғыс хат" алдым. Бірақ Әлихан оны көрген жоқ. Ұлым тірі болса 10 ә сыныбы "Үздік сынып" атағын да жеңіп алар еді-ау. Ол атақты параллель оқитын 10 а сыныбы алды. 10 ә сыныбының нәтижесіне бір республикалық олимпиада жеңімпазы жетпей қалыпты. Әлиханым болса республикалық та, халықаралық та олимпиаданың медалін әперетін еді. Орны үңірейіп тұрды құлынымның... Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлнәзия Сабырқызы маған соны айтып қалды", - деп жазған ол.
Серікзат Дүйсенғазы ұлының мектептегі достарымен, ұстаздарымен суретке түсіп, балаларға ақ жол тіледі.
"Салтанатты жиынға "Астана" дарыны" дарынды балаларды қолдау орталығының директоры Бейсенбаева Жанар Мәулетканқызы екеуміз қатысып, талантты оқушыларға ақ жол тіледік. Мектеп директоры Аманов Нұрбек Қамбарбекұлы бастаған ұстаздарға зор табыс тіледік. Жиын соңынан Әлиханның сыныбымен, ұстаздарымен және Әкелер кеңесімен естелік суретке түстім. Амандық болса, осы мектептің Әкелер кеңесінің құрамында қала беретін шығармын. Суреттегі менің екі жағымда медаль тағып тұрған ұлдар - биыл 11 сынып бітіретін Қайнар мен Мәди. Әлихан осы екі ағасын керемет құрмет тұтатын. Қайнар Сұрағанов биыл физика пәні бойынша пәндік олимпиадада Астана қаласының абсолют чемпионы болды. Мәди екеуі физика пәні бойынша республикалық олимпиадада күміс медаль жеңіп алды. Былтыр алтын алған еді. Екеуі де беделді университеттерге шақырту алыпты. Ел болашағы болар жігіттерге де сәттілік тілеймін!" - деп жазды ақын.
Желі қолданушылары ақынның көңіліне демеу болып, жылы лебіздерін арнаған:
Алла алдынан жарылқасын, сізге сабыр берсін!
Алла сізге сабыр берсін! Бекем болыңыз, Алланың ісіне не шара?
Сынақты өтуіңіз қажет міндетті түрде! Жаратқан жар болсын сізге. Рухыңыз биіктей берсін. Сабыр.
Сіздей болсын әке деген, ұлыңыз жәннәттің төрінде, сабыр, сабыр, сабыр.
Әке болса сіздей әке болсын.
Қазақ ұлдарына жанашыр атпал азамат барда Әлиханның рухы асқақтай берері сөзсіз, Әлихан мәңгі өз ортасында қалары сөзсіз.
Еске салайық, жыл басында Серікзат Дүйсенғазының ұлы Көкшетаудағы демалыс орнында қайтыс болды. Айтыскер ақын марқұм ұлы туралы жантебірентерлік жазба жариялады.
Сондай-ақ, кейінірек Серікзат Дүйсенғазының ұлы мерт болған курортта тағы екі қыз жарақат алғаны белгілі болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!