“Орны ойсырап тұр“ - Шымкентте төбелестен қаза тапқан марқұмның әкесі

“Орны ойсырап тұр“ - Шымкентте төбелестен қаза тапқан марқұмның әкесі
Фото: Видео кадры

Шымкентте жол апаты төбелеске ұласып, салдарынан қала тұрғыны қаза тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

ZTB мәліметінше, мерт болған азамат - Василий Колесников. Ұлынан айрылған Александр Колесников арнаға мән-жайды айтқан.

"Бір жыл бұрын әйелімнен айрылып қалған едім, енді ұлым жоқ. Төрт ұлым бар, енді үшеу қалды. Кішілерге айтпадым, жол апатынан қаза тапты дедім. Ал шынында пышақтан, кісі қолынан қаза тапты. Орны ойсырап тұр", - деді марқұмның әкесі.

Мән-жайы

Еске салайық, оқиға 20 қаңтарда Ерімбетов пен Рысқұлов көшелері қиылысында болған. Екі жүргізуші арасындағы жанжалға үшінші көлікпен келген өзге адамдар да қосылған. Төбелес кезінде бірнеше адам пышақ жарақатын алған. Зардап шеккен екі адам ауруханаға жеткізіліп, олардың бірі көз жұмған.

Әлеуметтік желіде оқиғаның видеолары тарап кетті.

Зардап шеккен тағы бір адам бар

Бұған дейін оқиға салдарынан зардап шеккен тағы бір адамның жағдайы белгілі болды. Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, 1990 жылы туған науқас ауыр жағдайда №1 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген.

"Қазір науқастың жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде қарқынды ем қабылдап жатыр", - деді дәрігерлер бұған дейін.

Күдіктілер

Шымкент Полиция департаменті мәліметінше, жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде адам өлтіру және бұзақылық қылмыстарына қатысы бар күдікті төрт адам ұсталған.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget