Самалтау, қайран елім, шалқар көлім,
Не болар солдат болып көрген күнім,
Есіме қайта-қайта түсе бердің,
Кір-жуып, кіндік кескен қайран елім.
Massaget.kz тілшісі бұл әннің шығу тарихына тоқталды. Бір қызығы, әнде айтылатын Самалтаудың орналасқан жері әлі күнге дейін белгісіз. Ауылдың атауы өзгеруі немесе қайта берілмеуі мүмкін.
Тарихшы-журналист Сәулембай Әбсадықұлы мақалаларының бірінде Сүлейменұлы Жақсыбай есімді туысының естелігін бөліседі.
"Жақсыбай көкемді тыңдасам, адам нанғысыз аңыздар айтады. "Сендердің Қаратау деп атап жүргендерің – Самалтау" деген ол кісі. Сайын далада самал жел соғып тұрғандықтан, біздің елдің жұрты Қаратаудың соңғы сілемін Самалтау деп атаған. Жаңағы жазиралы, көкмайсалы, қараса жұрттың көзі тоятын Сарыарқа жері әу бастан сал-серілердің мекені. Жеті болыстың ұл-қыздары да шетінен өнерлі еді. Бұл өңірден ұлы қобызшы Ықылас Дүкенұлы, шертпе күйдің шебері Сүгір Әліұлы, ғажайып әнші Сапалай Исатайұлы шыққан", - деп жазған тарихшы.
Ән 1916 жылғы оқиғаларға қатысты. 1916 жылы 25 маусымда Ресей патшасы ІІ Николай патшаның "Реквизициялау туралы" жарлығы шығып, Қазақстан, Орта Азия мен Сібірдегі халық арасынан 19-43 жас аралығындағы 400 мың адамды майданның тыл жұмыстарына алынған еді. Бұл - туған жерін тастап кетуге мәжбүр болған қазақ жігітінің әні. Ол туған елін, жерін, қимай қоштасып, "Самалтау" әні арқылы жан күйзелісін білдірген.
Сүлейменұлы Жақсыбайдың мәліметінше, әннің сөзін де, әуенін де жазған - Сапалай Исатайұлы.
Бұл әнді Сырғабек Тазабеков, Ерлан Төлеутай, Бекболат Тілеухан, қытай қазағы Арай Айдархан мен Димаш Құдайберген орындап жүр.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!