Орман өрті кезінде қалай қорғану керек? Маңызды кеңестер

Орман өрті кезінде қалай қорғану керек? Маңызды кеңестер
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Орман өрті кезінде не істеу керек? Одан қорғану жолдары қандай? Massaget.kz тілшісі маңызды кеңестер дайындады.

Өрт шықпауы үшін ормандағы ережелерді сақтау қажет. Себебі жаздан бастап орманда өрт шығу қаупі өте жоғары.

Мұндай кезеңде орманда мынаған тыйым салынады:

  • орманға жанып тұрған сіріңкелер, темекі тұқылдарын, тұтанған шүберектер тастауға;
  • қалың бұталар мен қылқан жапырақты өсінділерде, бұтақтары төмен ағаш астында, шымтезек қоймаларының жанында, өсіп тұрған дақылдарға жақын жерде от жағуға;
  • орманда өздігінен жанғыш заттарды: майға немесе бензинге малынған шүберектерді, күн шуақты ауа райында күн сәулесін бағыттай алатын және құрғақ өсімдіктерді тұтандыратын шыны ыдыстар қалдыруға;
  • орман алқаптарында, бақшаларда, егістіктерде, ағаштардың түбінде құрғақ шөптерді жағуға;
  • жанғыш сұйықтықтармен немесе желді ауа райында от жағуға;
  • отты қараусыз тастап немесе сөндірмей кетуге. 


Қостанай облысындағы өрт. Видео кадры

Ал орманда өрт шыққанын қалай анықтауға болады? Ол кезде жел әкелетін тұрақты күйік иіс, тұманға ұқсас түтін болады, құстар, жануарлар мен жәндіктер мазасыз болып, бәрі бір бағытта қоныс аударады.

Орман өрті кезінде не істеу керек:

  • егер өрт шыққан орманда болсаңыз, онда желдің бағытын және өрттің таралуын анықтаңыз;
  • қауіпті аймақтан тек өрттің таралу бойымен шығыңыз;
  • оттың алдыңғы жағымен жүгіріңіз; орман өртін басып озбаңыз; оттегі жетіспеушілігі болмауы үшін еңкейіп қозғалыңыз;
  • дымқыл орамал немесе суланған киім арқылы дем алыңыз;
  • егер өрттен құтылу мүмкін болмаса, үстіңізге дымқыл киім жауып, жақын жердегі су қоймасына түсіңіз;
  • тез тұтанатын және жанғыш құрал-жабдықтардан құтылыңыз, мүмкіндігінше киімдегі материалдың кепкен жерлерін мезгіл-мезгіл ылғалдандырып тұрыңыз;
  • дымқыл жер қазып, тығылыңыз;
  • басты, аяқ-қолды, дененің ашық жерлерін кез келген жанбайтын материалмен ораңыз, мүмкіндігінше оны сумен ылғалдандырыңыз. Өте тығыз байламаңыз, тұтанған жағдайда алып тастауға ыңғайлы еткен дұрыс.


ШҚО-дағы орман өрті. Фото: ТЖК баспасөз қызметі

Өрт аймағынан шыққаннан кейін орман күзетіне немесе өртсөндірушілерге өрттің орнын, көлемін және сипатын хабарлаңыз.

Егер орманда өрт енді шығып, бірақ ол әлі шағын болса, мынадай кеңестер айтылады:

  • түтіннің иісі, не және қай жерде жанып жатқанын анықтасаңыз, жақын жердегі елді мекенге хабарлап, көмек сұраңыз;
  • шағын өрттердің жалынын сөндіру үшін қатты ағаш бұтақтарын жинап, суға батырып, дымқыл топырақты шашып, аяқпен таптап тастау керек. 
  • өрт сөндіру кезінде сақ болыңыз, жолдан алыс кетпеңіз, басқа адамдарды назардан тыс қалдырмаңыз, олармен байланысты сақтаңыз.
  • өртті сөндіргенде жану аймағында терең шұңқырлар пайда болуы мүмкін екенін есте сақтаңыз, сондықтан жанған жердің тереңдігін тексергеннен кейін абайлап қозғалу керек.

Өрт елді мекенге жақындағанда адамдарды эвакуациялау қажет. Халықты өрттің таралуына перпендикуляр бағытта шығару қажет. Тек жолдармен, сондай-ақ өзендер мен бұлақтар бойымен, кейде судың өзімен қозғалу керек. Түтін қатты болса, ауыз бен мұрынды дымқыл мақта-дәке таңғышпен, орамалмен, киіммен жапқан дұрыс. Өзіңізбен бірге тек құжаттарды, ақша мен басқа да қажетті заттарды алыңыз. Қалған жеке заттарды тастан жасалған құрылымдарда немесе шұңқырда қалдырып, үстін топырақпен басып тастау керек.


Фото ©REUTERS

Егер эвакуациялау мүмкін болмаса, онда қымталған тас ғимараттарда немесе стадион секілді үлкен ашық жерлерде күту ғана қалады.

Орманда өртті байқасаңыз, үрейленбеңіз. Алдымен жағдайды жылдам талдаңыз. Сол жердегі биік нүктеге немесе биік ағашқа шығып, өрттің орнын табыңыз, оның таралу бағыты мен жылдамдығын анықтаңыз, су қоймасы, батпақ, елді мекендер орналасқан жерлерді қарап алыңыз.

Кез келген орман өрті аймағынан соқпақтар, жолдар, алаңқайлар, бұлақтар мен өзендер жағалаулары бойынша шығу қажет. Сізді тікұшақтан көру қара түтінге байланысты қиын болады, от жолды жауып тастамауы үшін мүмкіндігінше тез әрекет етіңіз.

Ал егер өрт жолыңызды жауып тастаса, таяз жерлерде, батпақта, жартасты шыңдарда жасырыныңыз. Пана іздегенде ағаштардан алыс орын таңдаңыз, өйткені олар тамырлары жанған кезде құлауы мүмкін. От жақындаған кезде киімді сумен молынан сулап алыңыз, суға кіріп кетіңіз, бірақ қамыстың жанында жүзбеңіз. Барлық нейлон, капрон және басқа да балқитын киімдерді шешіп тастаңыз, жанғыш және тез тұтанатын жабдықтардан құтылыңыз.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Е. Төлеш