- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ораза ұстағанда ескеретін...
Ораза ұстағанда ескеретін жайттар. Дәрігер кеңесі
23 наурызда Рамазан айы басталды. Оразаны қалай өткізген дұрыс? Ағзаға зиян келмес үшін ораза кезінде қалай тамақтану керек? Бұл сұрақтарға превентивті нутрициолог Сейтжанова Ақтоты Әуелбайқызы жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Превентивті нутрициолог Сейтжанова Ақтоты Әуелбайқызы Massaget.kz оқырмандарына оразада ескеретін жайттарды және пайдалы кеңестерді ұсынды:
Ораза ұстағанда ең бастысы – дұрыс ниет
"Рамазан айы – бұл құлшылық айы, мұсылманның бес парызының бірі. Сондықтан да адамның ең бірінші ниеті - Алланың разылығын табу болуы керек. Артық салмақтан арылу, әдемі көріну, "басқа адамдар ұстап жатыр, мен де ұстайыншы" деген ниет дұрыс емес", - деді ол.
Сондай-ақ ораза кезінде тамақтануға аса мән беру керек. Себебі адамның сергек жүруі және оразаның жеңіл өтуі тікелей соған байланысты. Оған қоса, ораза кезінде дұрыс тамақтанбау денсаулыққа қатысты проблемаларға әкелуі мүмкін.
Таңсәріде ағзаны алдымен тамақ ішуге дайындау керек
"Адам қаншалықты құнарлы тамақтанса, ол ораза кезінде соншалықты өнімді болады және ораза жақсы өтеді. Мысалы, таңсәріге адам 30 немесе 45 минут бұрын ерте тұруы керек. Бұл менің көпшілікке айтып жүретін кеңесім. Себебі адам ұйқыдан тұрғаннан кейін бірден тамақ қабылдамауы керек. Ол бір стақан жылы судан бастауы тиіс. Ағзаны тамақ қабылдауға дайындау керек. Содан кейін ғана ас қабылдауға болады", - дейді Ақтоты Әуелбайқызы.
Ақуызға және пайдалы майларға бай тағамдар жеу маңызды
"Асқа ақуызға және пайдалы майға бай тағамдар жеу керек. Ақуызға малдың еті, құстың еті, сүт қышқылды өнімдер (айран немесе шұбат), субөнімдер (өкпе, бауыр, бүйрек, сирақтан холодец, ми) жатады. Майлы тамақтарға қаймақ, сары май, қақталған құйрық май немесе малдың іш майлары жатады. Адамның сәресі қаншалықты ақуыз және майлы тағамдарға бай болатын болса, ол соншалықты шаршамайтын болады, ол сергек болып жүреді", - деді маман.
Қанттан және ұннан жасалған өнімдерді шектеген дұрыс
"Сондай-ақ көкөністер мен дәнді-дақылдарға аса мән берген жақсы. Тез қорытылатын көмірсуларды барынша шектеген дұрыс. Тез қорытылатын көмірсуларға қанттан және ұннан жасалатын тамақтар жатады. Ал дәнді-дақылдар, бидай, қарақұмық, күріш секілді пайдалы көмірсулар ұзақ қорытылады", - деді нутрициолог.
Су мөлшерін сақтау
"Егер адам күнделікті өзінің су нормасын ұстанбайтын болса, ол күні бойы әлсіреп жүреді. Яғни адам қаншалық аз тамақ ішкеннен емес, суды аз ішкеннен әлсіз болып жүруі мүмкін. Судың мөлшері жалпы 1,5-2 литр, оны әрине, бөліп-бөліп ішу керек. Мысалы, таңертең тұрған кезде бір стақан, тамақтан кейін бір стақан және сәресі, ауыз бекітетін кезде бір стақан ішу керек. "Күні бойы шөлдеп жүремін" деп бірден 1 литр суды ішіп алуға болмайды. Ол біріншіден ағзаға зиян, себебі оны ішкеннен кейін асқазанда ауырлық сезімі пайда болады, адам өзін күні бойы жайсыз сезінеді және жалпы асқорыту қиындайды", - деді Сейтжанова Ақтоты.
Ауызды құрмамен немесе сумен ашу
"Ауыз ашатын кезде бірден тамаққа жүгірмеңіз. Бірінші құрмамен немесе сумен ашқан абзалырақ. Себебі оның гликемиялық индексі деген көрсеткіші бар, яғни оның құрамында табиғи глюкоза көп. Ол миға барған кезде адамға бірден энергия көзіне айналады. Суды ішіп бастаған кезде жарты литр судан емес, бір стақан суды ішіп бастаған жақсы. Содан 10-15 минут өскен соң тағы келіп бір стақан ішуіңізге болады. Осылайша, тамақ алдында да, тамақтан кейін де суды бөліп-бөліп ішу маңызды. Кешкісін де тамақ ішкен кезде де ақуыз, пайдалы майларға, пайдалы көмірсуларға бай тағамдар болғаны дұрыс. Қуырылған тамаққа келер болсақ, егер малдың майына, яғни табиғи майға пісірілген тамақ болса, оны жеуге болады. Ал өсімдік майына пісірілген болса, оны аз қосса да, ол ағзаға зиян", - дейді маман.
Физикалық жаттығу жайлы ұмытпау
"Міндетті түрде физикалық жаттығу керек. Жүгіріңіз демеймін, бірақ міндетті түрде жаттығу жасау керек. Тамаққа тойып алғаннан кейін отыруға немесе жатуға болмайды. Одан кейін жай жүріспен жүріп келуге, серуендеуге тырысыңыз. Жалпы, адамның асқазаны 3 бөліктен тұруы керек: 1/3 бөлігі тамаққа, 1/3 бөлігі суға, 1/3 бөлігі ауаға толы болуы керек. Осы кезде адам өзін жақсы сезінеді және денсаулығына зиян келтірмейді", - деп қорытындылады нутрициолог.
Биыл Ораза 23 наурызда басталды. Ораза 2023 кестесін мына жерден көре аласыздар.
Еске салайық, бұған дейін биылғы пітір садақа мөлшері белгіленгені хабарланған болатын. Пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен ораза айт намазына дейін беруге болады.
А. Жапатова