- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ораза ұстаған адам...
Ораза ұстаған адам қандай спортпен айналысқаны дұрыс? Дәрігер жауап берді
Алматы қалалық №36 емхананың жалпы тәжірибе дәрігері Мөлдір Әлімбаева Рамазан айында ауыз бекіткен адамдар спортпен қалай дұрыс айналысуы керек екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дәрігердің сөзінше, ораза кезінде бірқалыпты физикалық белсенділік денсаулыққа оң әсер етеді. Дегенмен әр адам әртүрлі екенін есте ұстаған жөн, сол себепті ораза кезінде жаттығуды бастамас бұрын дәрігермен кеңесіп алған артық етпейді.
"Ораза кезінде бірқалыпты спорт түрін таңдауды ұсынамын. Жоғары қарқынды жаттығулардан аулақ болған дұрыс. Оның орнына йога, пилатес, жүру немесе таза ауадағы жаттығуларға артықшылық беру керек. Өз тәніңізге көңіл бөліп, өзіңізді шамадан тыс қинамауыңыз керек. Жаттығулар арасында демалыс жасап отыру керек. Қатты терлемеген дұрыс. Ауыз ашқан соң, жеткілікті мөлшерде су ішу маңызды. Қандай да бір ыңғайсыздық немесе әлсіздік сезінсеңіз, жаттығуды дереу тоқтатыңыз", - дейді дәрігер.
Егер ауыз бекіткен адам кәсіпқой спортшы болса, онда жаттығудан соң бірден су ішу үшін ауыз бекітер алдында және ауызашар алдында жаттығу жасағаны дұрыс.
"Рамазан айы аяқтағалған соң, ағзаны қажет қоректік заттармен қамтамасыз ету үшін дұрыс тамақтану керек. Бұл ретте таңғы ас пен кешкі аста ас қорытуға оңай және құрамында көп мөлшерде көкөніс, ақуызы бар тағамдар (ет, жұмыртқа, бұршақ дақылдары) және пайдалы майлар (майлар, жаңғақтар, дәндер) болуы керек. Бұл уақытта майлы, ащы және тәтті тағамдарды шектеп, артық тамақтанбаған дұрыс. Адам жаны мен тәнінің саулығын ойлау ислам дінінің негізгі қағидасы екенін есте ұстаған жөн. Мамандардың ұсынысын орындап, қолайлы спорт түрін таңдау арқылы сіз ораза кезінде дене шынықтырумен айналысып, денеңіз бен рухани әл-ауқатыңызды нығайта аласыз", - деді Мөлдір Әлімбаева.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова