Ораза ұстаған адамды көптеген сұрақтар мазалайды. Жиі қойылатын сұрақтардың бірі - ораза кезінде система, соның ішінде құрамында дәрумені бар системаны салдыруға бола ма? Бұл сұраққа Islam.kz сарапшылары жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қазіргі дін ғалымдарының тоқтамы бойынша емдік сипаттағы дәрілер мен ауруды басатын дәрілерді тамырға екпе арқылы немесе система арқылы салудың оразаға зияны жоқ, мысалы, инсулин, пенициллин, валтир т.б.
Ал, бірақ салынатын дәрі денеге қуат берер азық сипатында болса (мысалы, глюкоза) немесе денеге рақаттық берер сипатта болса, ондай дәріні салдырудың оразаға тигізер зияны жөнінде бүгінгі дін ғалымдары екі түрлі болжам білдіреді. Бірақ, көпшілік ғалымдар, денеге қуат берер "азық" сипатындағы дәрілердің оразаны бұзатындығын айтады. Дәрумендер де денеге қуат берер азық сипатында болғандықтан, деректерге қарағанда, оразаны бұзады делінген.
Сондықтан дәруменді системаларды мүмкіндігінше ауызашар уақытына қалдырған абзал, алайда күндіз салу керек болып тұрса, сол күнгі оразаны соңына дейін ұстап, Рамазаннан кейін бір күн қазасын өтеп алуыңыз керек болады. Кәффарат керек емес", - делінген сұрақ-жауап айдарында.
Биыл Ораза 23 наурызда басталды. Ораза 2023 кестесін мына жерден көре аласыздар.
Еске салайық, бұған дейін биылғы пітір садақа мөлшері белгіленгені хабарланған болатын. Пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен ораза айт намазына дейін беруге болады.