Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы айт намазының кестесін жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ораза айт дегеніміз - Рамазан айынан кейінгі Шәууәл айының бірінші күні, яғни мұсылмандардың маңызды діни мейрамы. Бұл - екі айт мейрамының бірі. Мереке күні мұсылмандар мешітте жиналып жамағатпен айт намазын оқиды. Сонымен қатар, айтта ораза ұстауға тыйым салынады.
Алматыда айт намазы 10 сәуірде сағат 06:30-да, ал Астана мен Шымкент қалаларында сағат 07:00-де оқылады.
Ораза айтты қалай өткізген дұрыс?
Пітір садақасы Рамазан айында, яғни Рамазан айы басталғаннан бастап айт намазына дейінгі аралықта берілу қажет. Егер пітір садақасын бермегендер болса бірінші кезекте Айт намазына дейін пітір садақасын беруге тиіс. Айт намазынан кейін берілген пітір садақа жәй садақа болып қалады.
2. Тәкбір айту
Айт күндері тәкбір (Алланы ұлықтау) айту дінде заңдастырылған амалдарға жатады.
3. Айт намазын оқу
Пайғамбарымыз (с.а.у) өсиетiнде: "Айт күнi бiрiншi орындайтынымыз - намаз оқу" делiнген. Айт намазы дiнiмiзде уәжіп амал болғандықтан, Пайғамбарымыз (с.а.у) өмiрiнде оны бiр рет те қалдырмай оқыған. Ислам кез келген мерекенiң ғибадаттармен өткерiлуiн құптайды. Сондықтан айт мерекесі арнайы ғибадаттармен басталады.
Айт намазы үшін азан айтылып, қамат түсірілмейді. Намазға бет алған кезде бір жолмен барып, екінші жолмен қайту сүннет болып саналады. Пайғамбарымыз (с.а.у) мүбарак хадисінде: "Пайғамбарымыз (с.а.у) айт күні мешітке барған жолымен қайтпай, басқа жолмен қайтатын".
4. Намазға шығар алдында құрма жеп шығу
Сүннет бойынша мұсылман адам намазға шығар алдында құрма дәмінен ауыз тиюі керек. Бұл - пайғамбарымыздың (с.а.у) оразаның аяқталып, айт күндері басталғаны жайында берген белгісі.
5. Жаңа киім кию, ғұсыл құйыну, әтір себу
Бұл ұлық мерекеде мұсылман адам шамасы келгенше мешітке жаңа киім киіп, әтір сеуіп барған абзал.
6. Қуаныш, шаттық көрініс табу
Айт барша мұсылмандандың мерекесі болғандықтан, оны еңбектеген баладан еңкиген шалға дейін сезінуге тиіс. Сыйлықтар таратылып, мерекелік мәдени шаралар ұйымдастырылуы абзал амалдардан. Жүзден аса ұлт өкілі тұрып жатқан еліміздегі әрбір азамат осы мерекенің лебін сезінуі қажет. Ұлтаралық, дінаралық байланысты күшейту мақсатында айт мейрамына орай құттықтаулар таратылып, арнайы дастархандар жайылады. "Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, сүйіспеншіліктерің артады" деген хадисті негізге алған қазақ даласында қонақ кәдесі, сүйінші, байғазы, тағы басқа адамдарды жақындыққа апаратын амалдар көп. Солардың бірі - айттық сұрау. Айт мерекесімен құттықтап, айттық сұраған жанды қазақ бетін қайтармай қолда бар сыйлықтарын аямаған. Міне бұл ғасырлар өте дәстүрге айналып, бүлдіршіндер үшін айттың бір керемет көрінісі болып есте қалған.
7. Ораза және Құрбан айт күндері ораза ұстауға болмайды
Қуаныш пен шаттыққа толы бұл қос мейрамда мұсылмандар ораза ұстамайды. Бұл туралы Абу Са’ид әл-Худри былай деген: "Алланың елшісі (с.а.у) адамдарға Ораза айт пен Құрбан айттың екі күнінде ораза ұстауға тыйым салатын".
8. Мұсылмандардың бір-бірін құттықтауы
Намаз біткен соң мұсылмандар қол алысып, төс қағысып, бір-бірін Айт мерекесімен құттықтайды, жақсы тілектерін айтады. Ренжісіп қалған ағайын-туыс, жора-жолдас бір-бірінен кешірім сұрап жарысады. Ал әйелдер қауымы үйде қазан асып, дастарқан жайып, айттық шай әзірлейді. Көрші-қолаң бір-бірінің үйіне кіріп дәм ауыз тиеді, шаңырақ иесіне аман-саулық тілеп, айтпен құттықтайды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!